Қазақстанда соғыс ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетіледі - А. Родионов
Ленинград қоршауын бастан кешкен қарт майдангер соғысқа қатысқан замандастарының азайып, өзінің жалғызсырап қалғанын айта отырып, соғыс жылдарын тағы бір сәт есіне алды.
«Фашистік Германияның қанқұйлы әскерлері Кеңес Одағына басып кірген шақта мен Ленинградта тұратын едім. Жасым 15-те болатын. Сол жылы күзде, сегізінше қыркүйекте Ленинград жау қоршауында қалды. Мен, әйтеуір адам сенбестей жағдайда тірі қалдым десем болады. Өте ауыр әрі қорқынышты кезеңдерді бастан кештім. Оларды еске алу - мен үшін өте қиын. Қалада азық-түлік карточкасы енгізілді: жұмысшыларға 250 грамм, ал қызметкерлер мен жеке адамның асырауындағы жандарға 125 граммнан нан белгіленді. Мұндай азапты ешкімнің басына бермесін! Адамдар аштықтан, күн сайынғы бомбылаудан қырылып жатты. Соған қарамастан Ленинградтықтар берілмеді. Табандылық танытып, қаланы қорғап қалды», - деді А. Родионов.
Ардагердің айтуынша, ол 1942 жылы тылға көшіріліп, бес ай ауруханада емделіпті. Кейін, айығып шыққан соң әскер қатарына шақырылады. Мина ісінің маманы курсын бітіріп, 1943 жылы майданға аттанады.
«Біз азат етілген аумақтарды минадан тазартумен айналыстық. Шайқастарға тікелей қатысқаным жоқ. Бірақ қару қолданған кездеріміз көп болды. 1949 жылға дейін минадан тазарту жұмыстарымен айналыстым. 1953 жылы көпір құрылысымен айналысатын бригадада жұмыс істедім. Осы салада 49 жыл еңбек етіппін. 1967 жылы Іле өзеніндегі көпір салу жұмысына шақырылдым. Кейін, осы Қапшағай қалсына келіп тұрақтадым. Туған жерім Смоленск өңірі болса да, Қапшағай қаласы менің туған үйіме айналды. Осында үш балам өмірге келді. Қазір алты немерем, бес шөберем бар. Мен бақытты жанмын», - деді соғыс ардагері.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, қарт майдангер енді соғыстың болмауын тілеп, бүгінгі ұрпақтың бейбіт заманда өмір сүруіне тілектестік білдірді.