Қазақстанда соңғы 10 жыл ішінде 125 мың жол-көлік оқиғасы орын алып, 25 мың адам мерт болған

АСТАНА. 10 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанда соңғы 10 жыл ішінде 125 мың жол-көлік оқиғасы орын алып, соның салдарынан 25 мың адам көз жұмған.
None
None

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында жол белгілеріне қатысты екі халықаралық құжатты талқылау барысында депутат Сәрсенбай Еңсегенов осылай мәлім етті.

«Соңғы уақытта жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету кез келген мемлекеттің алдындағы өзекті мәселенің бірі болып отыр. Сарапшылардың қорытындысы бойынша БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы осы саладағы жағдайды үлкен дағдарыспен сипаттаған. Мәселен, жыл сайын әлемде 1 млн.-нан астам адам жол-көлік оқиғасынан қаза болса, жарақат алып, соның салдарынан мүгедек болатындар саны 50 млн.-ның үстінде екен», - деді сенатор С. Еңсегенов. Оның айтуынша, Қазақстанда соңғы 10 жыл ішінде 125 мың жол-көлік оқиғасы орын алып, 25 мың адам қаза тапты. 151 мыңнан астам азамат жарақат алған. Бұдан бөлек, жол-көлік оқиғасының ел экономикасына тигізген шығыны жалпы ішкі өнімнің 1,5 пайызын құрайды екен.

«Міне, осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында халықаралық деңгейде 8 құжат қабылданған. Біздің мемлекетіміз осының 6-ын қарап, бекітті. Бүгінгі күні Парламент қабылдаған екі заң жол қауіпсіздігі саласындағы халықаралық нормаларды жетілдіре түсетін құжаттардың жалғасы болып табылады», деді сенатор.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «1968 жылғы 8 қарашада қол қою үшін Венада ашылған Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенцияны толықтыратын Еуропалық келісімді ратификациялау туралы» және «1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенцияны толықтыратын Еуропалық келісімге Жол таңбалары туралы хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңдары қабылданды.

Соңғы жаңалықтар