Қазақстанда сот залдарында орнатылатын аудио, бейне тіркеу жүйесі әділ шешім шығаруға негіз болады
ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменттің басшысы І.Испанов жаңа технологияларды таныстыру барысында «Іске қосылғалы отырған жобалар азаматтардың сот ақпаратына қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Жүзеге асатын ақпараттық сервистердің арқасында тұрғындар өз үйлерінен шықпай-ақ, интернетті қолдану арқылы сот құжаттарымен таныса алады.
Жаңа электрондық жобалардың іске қосылуы пошталық шығынға жұмсалатын бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Статистикалық деректерге сүйенсек, республика соттары 2012 жылы - 580 105 талап арыз, 2013 жылы - 643 683 өтініш қабылдаса, 2014 жылдың өткен 5 айында - 282 мыңнан астам арыз қабылдады. Әрбір арыз бойынша жолданатын пошталық хабарландырулар біршама қаржы шығындарын талап етеді», - деп атап өтті.
«Сот құжаттарымен танысу» сервисі логин, пароль, ЖСН-ді енгізу арқылы электронды сот құжаттарын көруге арналған. Логин мен паролді сот процесіне қатысушы азамат өзінің ұялы телефонына немесе электронды поштасына келіп түскен электронды хабарлама (SMS-хабарлама) арқылы біле алады.
Жолдаған өтініші тіркелгеннен кейін азаматтар оның тіркелгені туралы талон мен электронды хабарламалар туралы келісімге ие болады. Сот процесіне қатысушы өзге тараптарға да сот тыңдалымы туралы талон жолданады.
Жедел ақпараттандыру мақсатында сот процесіне қатысушыларға судьяның электронды-цифрлық қолтаңбасы қойылған сот актілерінің шыққаны туралы SMS жіберіледі.
Сервистегі электронды сот құжаттарын көруге, сақтауға және жүктеп алуға болады.
Бұған қоса, сервис сот кеңселері қызметкерлеріне пошталық хабарландырудан бас тартқан барлық электронды хабарламаларды шолып отыруға мүмкіндік береді.
«Сот кабинеті» сервисі электронды өзара іс-қимыл арқылы сот өндірісін жеңілдетуге, сондай-ақ сот жүйесінің жеделдігін, қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Сот кабинеті» арқылы келесі операцияларды іске асыруға болдаы:
Тұтынушы өзіне ыңғайлы кез келген уақытта сот құжатын қарап, істің тарихымен танысып, сот актісін басып шығара алады.
Сот отырысы хаттамасының сапасын арттыру мақсатында барлық соттарда сот процесін аудио, -бейне тіркеу (АБТ) жүйесі енгізілуде. Қазіргі технологиялар негізінде сот процестерін электрондық хаттама түсіруге мүмкіндік беретін жүйе өз кезегінде «Сот кабинеті» арқылы сот процесіне қатысушыларға қолжетімді болып табылады.
АБТ шеңберінде шет мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, сот залдарын бейнеконференц жүйесімен жабдықтау арқылы сот төрелігін қашықтықтан жүзеге асыру мүмкіндігі артады. Осы жобаның іске асуы қылмыстық атқару жүйесін сотталушыны алып жүру жүктемесінен босатуға, ал сотталушының бейнеконференц арқылы ұсталған жерінде айғақ беруіне мүмкіндік береді.
Заманауи технологияларды сот жүйесінде қолдану ел тұрғындары үшін сот жүйесінің барынша ашық әрі қолжетімді бола түсуіне ықпал етеді.