Қазақстанда сотталғандарға арналған электронды білезік сатып алуға шамамен 2,5 млрд. теңге бөлінеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда сотталғандарға арналған электронды білезіктер сатып алуға шамамен 2,5 млрд. теңге бөлінеді. Бұл бүгін елордада ҚР Бас прокуратурасы институтының ұйымдастыруымен басталған Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық атқару, әкімшілік құқық бұзушылық кодекстерінің жаңа моделіне көшу мәселелері жөніндегі семинар-кеңесте ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлік Кенебаев мәлім етті.

Қазақстанда сотталғандарға арналған электронды білезік сатып алуға шамамен 2,5 млрд. теңге бөлінеді

Оның атап өтуінше, жаңа Қылмыстық атқару кодексіне сәйкес бүгінде шартты түрде сотталғандарды, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандарды және сот әкімшілік бақылау жазасын кескен тұлғаларды қадағалаудың электронды құралдарын енгізу қолға алынуда.

«Қажетті құжаттар топтамасы Инвестициялар және даму министрлігіне жіберілу үшін дайындалу үстінде. Бүгінгі таңда республикалық бюджеттік комиссия тарапы бұл мақсаттарға шамамен 2,5 млрд. теңге бөлуді мақұлдады», - деді ол.

Айта кетейік, семинар-кеңеске Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Жоғарғы соттың Ішкі істер, Әділет министрліктерінің, прокуратура органдарының өкілдері, ғалымдар мен құқықтанушылар қатысуда. Шараның басты мақсаты - жаңа қылмыстық актілерді қолдану, құқықтық жүйенің жаңартылған жағдайда тиімді іс-қимыл жасауын қамтамасыз ету бойынша шаралар мен ұсыныстарды пысықтаудың проблемалы мәселелерін бірлесіп талқылау.