Қазақстанда спортты қаржыландырудың жаңа тетіктері енгізілуде

АСТАНА. KAZINFORM – Туризм және спорт министрлігі спорт саласын қаржыландыру тетіктерін жетілдіру және бюджет қаражатын тиімді басқару бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр.

үйірме, бала
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Министрліктің бастамасымен өңірлік спорт басқармалары мен ұлттық спорт федерацияларына «1 өңір – 1 клуб – 1 спорт түрі» қағидаты ұсынылды. Бұл қадам қаржыландырудың қайталануын болдырмауға және шығындарды оңтайландыруға бағытталған.

Биыл маусым айында күшіне енген жаңа «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға сәйкес, командалық спорт түрлеріндегі кәсіби клубтарды мемлекеттік қаржыландыруға шектеу қойылды. Бұл шешім қаржының ашық әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етіп, клубтарды балама қаржы көздерін тартуға ынталандыруды көздейді.

Сонымен қатар заңда шетелдік спортшыларды ұстауға және оларға еңбекақы төлеуге мемлекеттік және квазимемлекеттік қаражатты пайдалануға тыйым салынған. Бұл бастама жергілікті кадрларды қолдау және ұлттық спорт мектептерін дамыту мақсатында қабылданған.

Министрлік жаңартылған заң аясында спортты стратегиялық тұрғыда дамытуға бағытталған бірқатар маңызды нормаларды енгізді:

  • Басым спорт түрлерінің тізімі бекітілді – Олимпиада, Паралимпиада, Азия ойындарындағы жетістіктер ескеріле отырып, 60-тан астам спорт түрі таңдалды;
  • Ұлттық спорт түрлері алғаш рет басым бағыттар қатарына енгізіліп, жүйелі қолдауға ие болды;
  • «Мүгедектігі бар спортшыны сүйемелдеуші» ұғымы заңмен реттелді – І топтағы мүгедектігі бар спортшылардың жаттығу мен жарыстарға қолжетімділігі қамтамасыз етіледі;
  • Спорт ұйымдары басшыларына ротация жүйесі енгізілді – енді басшылар 5 жыл мерзімге тағайындалып, кадр жетіспейтін өңірлерде көршілес аудандар арасындағы ауыстырулар қарастырылады.

Министрліктің мәлімдеуінше, бұл реформалар отандық спортты тұрақты әрі тиімді модельмен дамытуға бағытталған. Заңда көзделген нормалар мемлекеттік саясат аясында іске асырылады және олардың орындалуы барлық деңгейде қамтамасыз етіледі.

Айта кетейік, елімізде алғаш рет спортшылар даярлаудың ғылыми моделі енгізілді.

Соңғы жаңалықтар