Қазақстанда спорттық құрал-жабдықтардың зауыты салынбақ
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов мәлім етті.
Агенттік басшысының айтуынша, бұл жобаларды Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында салу жоспарланып отыр.
«Спорт инфрақұрылымы өсімінің тұрақты үрдісі байқалғанымен, елімізде спорттық құрал-жабдықтардың және оқу орындары мен тұрғылықты жерлерде, жаппай демалыс орындарында, әсіресе, ауылдық жерлер мен кәсіпорындарда спорттық мүліктердің көлемі жеткіліксіз»,-деді ол.
«Талдау мәліметтеріне сәйкес, 7 мыңнан астам жалпы білім беру мектептерінің 5,5 мыңында ғана жеке спорт залдары бар көрінеді. Сонымен қатар олардың материалдық-техникалық қамтылуы оқу үдерісінің қажетті дейгейінің талаптарына сай келмейді»,-дейді агенттік басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, спорттық жабдықтар негізінен ауылдық мектептерде жетіспейді.