Қазақстанда Starlink жүйесінен бас тартқан мектептер көбейді

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің біраз мектебіне Starlink интернет жүйесі тартылды. Бұл жүйе қаншалықты өзінің нәтижелігін көрсетті? Бұл сұраққа Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жауап берді. 

Қазақстанда Starlink жүйесінен бас тартқан мектептер көбейді
Фото: ortcom.kz

— Қазақстанның білім беру саласын цифрландыруда Starlink спутниктік жүйесін енгізу маңызды кезең болды. Бастапқыда пилоттық жоба аясында 2 мыңға жуық мектепті қамту жоспарланғанымен, бұл көрсеткіш уақыт өте келе өзгеріске ұшырады. Бұл өзгеріс еліміздегі ресми байланыс операторларының жұмысының жандануымен және инфрақұрылымның дамуымен тікелей байланысты, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Атап айтқанда, көптеген елді мекенде талшықты-оптикалық байланыс желілерінің (ТОБЖ) тартылуы және байланыс аясының кеңеюі нәтижесінде кейбір мектептер дәстүрлі жоғары жылдамдықты интернетке қосылу мүмкіндігін алды.

— Осыған байланысты қазіргі кезде пилоттық жоба аясында Starlink жүйесімен жұмыс істеп тұрған мектептер саны 1 068.

Бұл жүйе өзінің тиімділігін толықтай дәлелдеді: интернет жылдамдығы төмен немесе мүлдем жоқ шалғайдағы мектептер 150–200 Мбит/с деңгейіндегі сапалы байланысқа қол жеткізді. Бұл оқушылар мен мұғалімдердің заманауи білім беру платформаларын кедергісіз қолдануына жол ашты, — деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Еске салсақ, 2024 жылы жазда елдегі екі мыңға жуық мектеп Starlink интернетіне қосылғаны мәлім болды.