Қазақстанда start-up жобаларды қаржыландыратын ақпараттық-коммуникациялық қор құрылды

Соған орай бүгін Астанада баспасөз мәслихаты өтті.
«Біздің елде инновациялық идеялары бар жастар көп. Алайда оларда көбіне-көп ақша жоқ, кәсіпкерлік пен есепті жүргізу, жарнамалық іс-шараларды өткізуде білімдері болмайды. Осы қордың мақсаты олардың бастамаларына қолдау білдіру, кәсіпті бастауға қажетті қаражатпен қамтамасыз ету, осы саладағы білімдерін кеңейту. Аталмыш қор Қазақстандағы ақпараттық-коммуникациялық саласының дамуына үлкен серпін береді», - дейді ҚР Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев.
Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғанындай, аталмыш қорлар ақпараттық технологиялардың дамуына үлкен ықпал етеді. Мәселен, АҚШ-тағы DropBox қорының қазіргі уақыттағы капиталы 4 млрд. доллардан асып жығылады.
«Сондықтан оның біздің елде құрылуы өте қисынды әрі заңды құбылыс», - деп түйіндеді сөзін министр.
Аталмыш қордың бас директоры Айбол Қуандықовтың айтуынша, қор жобаны қаржыландырып, оны қажетті құрал-жабдықтармен, интернет желісімен, хостингпен және ақпараттық бағдарламалармен қамтамасыз ететін болады. Сонымен қатар бухгалтерлік, заңдық көмектер ұсынады.
«Ал ең бастысы - идеясы бар адамдарға өз кәсібін ұйымдастыруға үлкен мүмкіндіктер ашылатын болады. 2012 жылдың соңына дейін біз алғашқы жобалар бойынша жұмысты бастаймыз. Жақын арада байқау жариялайтын боламыз. Ол байқауда ең үздік жобалар таңдалып алынады», - дейді А.Қуандықов.
Ұйымдастырушылардың атап өткеніндей, ол жобалардың ішінде отандық «бұлтты технологиялар», мобильді, компьютерлік және интернет саласындағы start-up жобалар бар.
Қор қазірдің өзінде серіктестерін, инвесторларын тауып үлгерді. Ал оның жалпы капиталы 2 млн. долларға жетіп отыр. А.Қуандықовтың айтуынша, бір жобаға 50 мың АҚШ долларына дейін инвестиция бөлінетін болады.