Қазақстанда стоматология саласын қаржыландыру соңғы екі жылда 7 есеге артқан - ҚР бас тіс дәрігері Сәуле Есембаева

- Сәуле Серікқызы, тұжырымдамада негізінен ауыл тұрғындарын емдеуге баса назар аударылғаны белгілі. Екі жыл ішінде ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсарту бағытында қандай шаралар жасалды?
- Иә, 2011 жылдан бері Қазақстан азаматтарына көрсетілетін стоматологиялық қызметтің сапасы артып келеді. Әсіресе, ауыл тұрғындарына, балалар мен жүкті әйелдерге көмек көрсету біршама алға жылжыды. Бірінші кезекте мәселені шешу үшін біз Үкіметке мектептердің құрылысы кезінде стоматологиялық кабинеттерді де бірге жоспарлаудың ескерілуін сұрап жүгіндік.
2011 жылдан бері ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен ауылдарда 151 стоматологиялық кабинет ашылды. Олардың саны 245 болатын, қазір 396 болды. 2013 жылы 73 кабинет, Ақмола және Қызылорда облыстарында 3 жаңа стоматологиялық емхана салынды. Сөйтіп, тіс емдеу кабинетімен жабдықталған мектептердің саны 8,3%-ден 38%-ға дейін өсті. 2013 жылы ауылды жерлерде 47 стомкабинет ашылды. Екі жыл ішінде амбулаторлық-емханалық қызметті қаржыландыру көлемі 7 есе артып, 222 млн теңгені құрады. 2013 жылы ауыл тұрғындарына көмек көрсету үшін 6 жылжымалы көлік сатылып алынды.
Осындай көмектің арқасында ауыл тұрғындарының арасындағы науқастардың саны 97% дан 83,98% ға дейін, балалар арасындағы тісжегі ауруы 96% дан 74,11%ға дейін азайды. Қала тұрғындарының арасында 87% -дан 81,76%-ға дейін, балалар арасында 84% дан 73,12%-ға дейін азайды.
- Қазір бірінші контакт мамандарына онкологиялық ауруларды анықтауда үлкен міндет атқарылып жатыр. Оған кейбір мамандардың біліктілігі жетпей жататыны және бар. Содан науқас уақыт созып алып, ақыры емдеуден кеш қалып жатады. Тіс дәрігері адаммен бірінші контакт жасайтын маман екені рас. Осы жерде олардың онкологиялық біліктілігін жетілдіру қалай жүзеге асырылып жатыр?
- Ауыз қуысы қатерлі ісігі Қазақстан бойынша екінші орында. Сондықтан, онкологиялық патологияны анықтауда стоматологтардың алатын орны зор. Қазір біз дәрігерлерді онкологиялық патологияны анықтауға дайындап жатырмыз. Осы бағытта Онкология және радиология Ұлттық ғылыми зерттеу институтымен мамыр айынан бері жұмыс жасап жатырмыз. 100 тіс дәрігері арнайы курстардан өтті. Алматы облысынан 40 адам, Атырау облысынан 26 адам, Оңтүстік Қазақстан облысынан 42 адам арнайы дәріс алды. Мен өзім де бас стоматолог ретінде дәрігерлерге арнайы алгоритм ойлап шығардым. Ауыз ойылған жағдайда ауызда бірнеше жаралар пайда болады. Ал, жазылмай ұзақ сақталған бір ғана жара қатерлі ісіктің белгісі.
- Қазақстанның бас тіс дәрігері ретінде стоматология саласындағы әлі де шешімін таппаған проблемаларды атасаңыз. Олардың қандай шешу жолдары бар?
- Проблема өте көп. Жекеменшік кабинетті ашуда мүлде бассыздық жайлап алды. Бұрын кабинет ашу үшін СЭС-тің рұқсаты, өңірдің бас стоматологының қорытындысы керек болатын. Алдымен, ол кабинет арнайы санпин нормаларына сәйкес келе ме? Аппарат бар ма? Мамандар бар ма? Бұл жерде тіс салуға бола ма? Соның бәрі қатаң тексерілетін. Қазір мұндай талаптың біреуі жоқ. Бұл сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу үшін жасалып отыр. Бірақ, адам емдеу дегеніміз сауда емес қой. Қазір өз үйінде адамдар кабинет ашып алған. Тіс дәрігерінің барлығы имплант салуды кәсіп қылып алды. Бірақ, ол үшін тістің анатомиясын, ортодонтияны білу керек қой. Терапевтік білімі бар дәрігерлер де қазір тіс сала береді. Олардың арасында тіпті гастарбайтерлер де бар. Мәселен, Қазақстанда жұмыс жасауға сертификаты жоқ келімсектер де қазір тіс емдеумен айналысады. Өзбек, қырғыз дәрігерлер емханадан емханаға ауысып жүріп ақша тауып жүр. Емі дұрыс болмай қалса науқастар ол маманды таппай қалады. Бізді бопсалайтын клиенттер тобы бар. Оларды барлық қаланың стоматологтары таниды. Бір емханадан екіншісіне барып, тіс жөндетіп, сотқа беріп, 10 мың теңге беріп, үстіне миллион теңге өндіріп жатқан клиенттер бар. Соны табыс көзіне айналдырған.
Сонымен қатар, қазір дәрігерлерді қашықтан оқыту деген термин пайда болды. Дәрігерлерді дипломнан кейінгі білім беру деген институт бар. Соның сайтына кірсеңіз, сертификат алу үшін мына тетікті басыңыз деп тұрады. Тек ақшасын төлесеңіз болды. Мен айтар едім, тіс дәрігері ешқашан қашықтан білімін жетілдіре алмайды. Олар тәжірибе арқылы, оқу процесі арқылы білім алу керек. Байқағанымыздай, институт қабырғасында көрсетілген профессорлар Астанада емес, олар шетелде. Әрине, ол орталықта білімін жетілдірген маман дұрыс маман бола алмайды. Сондықтан, Қазақстанда азаматтардан түсетін шағымдардың 4 пайызы тіс дәрігерлерінің қызметіне наразылықтан туады.
- Сұхбатыңызға рахмет.