Cтоматологиялық клиникалар тексерістен кейін лицензиясын өз еркімен қайтара бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада жеке стоматологиялық клиникада ем қабылдау кезінде үш жасар баланың көз жұмуынан кейін Қазақстанда 622 стоматологиялық ұйымға жоспардан тыс тексеріс басталды. Тексерістер Бас прокуратураның талабы негізінде жүргізіліп жатыр. Бұған балаларға жалпы наркозбен ем жүргізуге қатысты ата-аналардың шағымдары себеп болған. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен Kazinform тілшісі сұрап-білді.

Тіс емдеу
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Министрліктің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мәліметінше, тексерістер Президент Әкімшілігінің, Үкімет аппаратының тапсырмасы және Бас прокуратураның талабы негізінде жоспардан тыс жүргізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта тексеруге алынған 622 стоматологиялық клиниканың 392-сі тексерілді.

Аралық қорытындыға сәйкес:

— 103 клиникада заңбұзушылық анықталмады;

— 56 жағдайда медициналық қызмет көрсету лицензиясы ерікті түрде қайтарылды;

— 20 жағдайда әкімшілік шаралар қолданылып, медициналық қызмет 1 айдан 3 айға дейін тоқтатылды. Оның ішінде 3 жағдайда жекелеген медицина қызметкерлерінің қызметі шектелді.

Тексеру барысында анықталған негізгі заңбұзушылықтар қатарында мамандардың жарамды сертификатсыз жұмыс істеуі, лицензиялық және біліктілік талаптарының сақталмауы, сондай-ақ кәсіби жауапкершілікті міндетті сақтандыру шарттарының болмауы бар.

Жалпы 508 әкімшілік шара қолданылып, 85 млн 211 мың теңгеден астам айыппұл салынды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, әзірге клиникаларды толық жабу туралы шешім қабылданған жоқ. Тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Нәтижелері бойынша материалдар өңірлік прокуратураларға және ҚР Бас прокуратурасына жолданған.

2025 жылы комитеттің аумақтық департаменттеріне балаларға стоматологиялық көмек көрсетуге қатысты 20 өтініш түскен.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 2024 жылғы 30 қазанда болған. Жеке клиникада жалпы наркозбен 18 тісті емдегеннен кейін үш жасар қыз бала есін жимастан қайтыс болды.

Бұл іс бойынша сот 2025 жылғы 22 желтоқсанда аяқталды. Анестезиолог дәрігер кінәлі  деп танылғанымен, Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа байланысты негізгі жазадан босатылды. Сот барысында ол өзіне тағылған айыппен толық келіспейтінін мәлімдеген.

Осы оқиғадан кейін 2025 жылдың желтоқсанында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова балаларға жалпы наркозбен жаппай тіс емдеу жағдайларына қатысты пікір білдіріп, еліміздегі барлық стоматологиялық клиникаларды тексеру басталатынын хабарлаған болатын.