Қазақстанда су бассейндерін басқару 3D визуалды модельге көшірілуі мүмкін
АСТАНА.KAZINFORM – Су бассейндерін басқаруда цифрлық 3D визуалды модельдерді енгізу қажет. Бұл жайында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мәлімдеді.
Оның сөзінше, мұндай тәсіл әлемде кең таралған.
– Бассейндерді ескі әдіспен басқару мүмкін болмай қалды. Климат өзгеріп жатыр, антропогендік жүктеме көбейген. 3D визуалды модель арқылы экожүйенің қалай жұмыс істеп жатқанын, қандай ластаушы заттар түсіп жатқанын, тасқын немесе қуаңшылық кезіндегі тәуекелдерді болжауға болады, - дейді депутат.

Жаңбыршин Қытайда қолданылып жатқан «виртуалды цифрлық егіз» технологиясымен танысқан. Оның айтуынша, Қытай су бассейндерін дрондар, онлайн хабарлаушылар, автономды кемелер және спутниктік бақылау арқылы басқарады.
– Ғалымдар су астындағы және үстіндегі барлық процесті онлайн көріп отыр. Тіпті балықтар мен тіршілік иелерінің ДНҚ өзгерістерін бақылауға мүмкіндік бар, - деді ол Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында.
Депутаттың айтуынша, Қазақстан трансшекаралық өзендерге тәуелді, ал көптеген су айдынында ластану деңгейі артып келеді. Сондықтан ұлттық цифрлық платформа құрып, көрші елдермен деректер алмасу қажет. Осы мәселеге байланысты Үкіметке депутаттық сауал жолданған.
– Мұндай жүйе Каспий теңізіндегі және барлық ірі өзен-бассейндердегі жағдайды бағалауға, басқаруға және болжап отыруға мүмкіндік береді, - деді Еділ Жаңбыршин.

Айта кетейік, бұған дейін Су ресурстары министрлігі Франция мамандарымен бірлесіп Балқаш көлі бассейніне зерттеу жүргізгенін жазған едік.