Қазақстанда су басу қаупі бар 445 жол учаскесі бар

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Елімізде 3-4 наурызда өткен «Көктем – 2022» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл республикалық штаб Орал қаласында орналасып, оқу-жаттығу ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіковтің басшылығымен өтті.

ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, көктемгі су тасқыны кезінде жедел қимылдау үшін 10 мың адам мен 1 700 техникадан тұратын азаматтық қорғау органдарының арнайы топтары құрылды.

Оқу-жаттығу болған 3-4 наурыз күндері республика бойынша елді мекендерден 1,5 млн текше метрден астам қар шығарылды.

Қазіргі уақытта қар шығару жұмыстары жалғасуда. Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 1 мыңнан астам отбасына үй маңын қардан және шатырларды мұздан тазарту бағытында көмек көрсетілді.

Сондай-ақ көктемгі су тасқынына дайындық аясында 9 мыңнан астам арықтар мен каналдар, 10 мыңнан астам су өткізетін құрылымдар тазартылды.

Ұзындығы 43 мың метр бөгендер жөнделіп, 39 мың метр қашықтықта жағалауды бекіту жұмыстары атқарылды. 25,5 мың тонна көлемінде жанар-жағар май қоры, 300 мың тоннадан астам инертті материалдар, 900 мың данадан астам қап әзірленді.

Тасқын кезінде эвакуациялануы мүмкін тұрғындарды қабылдайтын 3 мыңнан астам пункт анықталды.

«Бұдан басқа өңірлерде су тасқыны күрделенген жағдайда Атырау, Қарағанды, Жамбыл, Маңғыстау облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан, республикалық жедел құтқару жасағы және ТЖМ әскери бөлімдерінен арнайы күш-құралдар, сондай-ақ «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемелері жедел жіберілетін болады. Өмірлік маңызы зор нысандарда апатты жағдай туындаған кезде электр жарығымен қамти алатын 600-ден астам автономды қуат көзі әзірленді. Отын қоймаларында 2 млн астам тонна көмір, 115 мыңдай тонна мазут бар. Инертті материалы бар 30 мыңнан астам қап дайындалды. Метеорологиялық бақылау жүргізуге 341 метеосанция сақадай сай. 50 мың тоннадан астам инертті материалдар мен 3 мың тонна жанар-жағар майдың апаттық қоры жасалды. Республикалық маңызы бар автожолдарда ұзындығы 261 км болатын 445 су басу қаупі бар учаске анықталды. Сол секілді су басуы мүмкін 673 темір жол учаскесі белгілі болды. Санавиация желісі бойынша 33 әуе кемесі әзір тұр. Оқу-жаттығудың қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға елді мекендерді, автомобиль және темір жолдарды, өмірлік маңызы зор нысандарды тасқын судан қорғау бағытында қажетті шараларды қабылдау ұсынылды», - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 49 елді мекенді су басу қаупі бар екендігін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар