Қазақстанда судың «қара нарығына» қарсы анонимді чат-бот іске қосылды
АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрлігі суару маусымында суды әділ бөлу және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында Telegram мессенджерінде «Судың қара нарығына жол жоқ!» чат-ботын іске қосты.
Жоба «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында қолға алынған.
Ведомство мәліметінше, чат-бот арқылы азаматтар су беру және бөлу қызметтері кезіндегі заңбұзушылықтар, сыбайлас жемқорлық фактілері және басқа да құқыққа қайшы әрекеттер туралы жедел хабарлай алады.
Сондай-ақ пайдаланушылар қажетті ақпаратты қысқа мерзімде алу мүмкіндігіне ие болады.
Чат-ботты іске қосу үшін «Қазсушар» РМК-ның филиалдары мен өндірістік учаскелерінде орналастырылған QR-кодты сканерлеу қажет.
Жүйе қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді әрі анонимді түрде өтініш жолдауға мүмкіндік береді.
– Судың «қара нарығымен» күрес ашықтықты және сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді шараларды талап етеді. Осы мақсатта министрлік құқық қорғау органдарымен күш біріктірді. Сонымен қатар су беру бойынша электронды келісімшарт жасау жүйесі мен жерді қашықтан зондтау негізіндегі ғарыштық мониторинг сияқты заманауи цифрлық құралдар кеңінен енгізіліп жатыр, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Министрдің айтуынша, ведомство суару кезеңінде «Қазсушар» РМК филиалдары мен өндірістік бөлімшелерінің қызметіне толық бақылау орнатуды көздеп отыр.
Чат-бот Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Бас прокуратура бірлесіп бекіткен судың «қара нарығын» жою жөніндегі жол картасы аясында әзірленген.
Министрлік мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың басынан бері бассейндік инспекциялар заңсыз су алу деректері бойынша жалпы сомасы 41 млн теңгеге 99 әкімшілік айыппұл салған.
Айта кетейік, Орынбордағы Иреклі қоймасынан Жайыққа жіберілетін су көлемі қайта көбейді.