Елімізде су ресурстарын қалай ұтымды пайдалануға болады

ОРАЛ. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің 2024 жылғы 7 ақпандағы кеңейтілген отырысында «Елді сумен қамтамасыз ету — аса маңызды міндет, ұлттық қауіпсіздік мәселесі деуге болады», деп атап өткен болатын. Осы орайда су ресурстарын ұтымды пайдаланудың маңызы зор. Kazinform тілшісі аталмыш мәселені саралап көрді.

Қазақстанда су ресурстарын қалай ұтымды пайдалануға болады
Фото: «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы

Су кодексінен кейінгі өзгерістер қандай?

Ең алдымен өткен жылы қолданысқа енгізілген Су кодексі негізінде Қазақстанда жаңа нормативтік-құқықтық база қалыптасқанын айтуға болады.

Су ресурстары және ирригация министрлігінен мәлім еткеніндей, 2025 жылғы 10 маусымда қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының жаңа Су кодексі су ресурстарын басқарудың құқықтық негіздерін жаңартты. Онда су ресурстарын сақтауға, олардың сарқылуы мен ластануына жол бермеуге және елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық берілген.

Алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы бекітіліп, оны қамтамасыз ету мемлекеттік жоспарлау, су қорын есепке алу мен қорғау, су үнемдеу және климаттың өзгеруіне бейімделу шараларымен байланыстырылды. Су ресурстарын мемлекеттік жоспарлау жүйесі қайта қаралды. Кодекстің 30 және 31-баптарында республикалық деңгейде Су ресурстарын интеграцияланған басқарудың бас жоспарын, ал бассейндік деңгейде су ресурстарын қорғау мен пайдаланудың бассейндік жоспарларын әзірлеу көзделген. Оларды әзірлеу қағидалары Су ресурстары және ирригация министрінің 2025 жылғы 23 шілдедегі № 180-НҚ бұйрығымен бекітілді. Су экожүйелерін сақтау мақсатында экологиялық ағын ұғымы енгізіліп, оның көлемін айқындау әдістемесі сол күнгі № 179-НҚ бұйрықпен бекітілді.

Су үнемдеу мен суды ұтымды пайдалануға қойылатын талаптар күшейтілді. Су пайдаланушылардың су шығындарын азайту, су үнемдеу технологияларын енгізу және су пайдалануды жоспарлау жөніндегі міндеттері нақтыланды. Өнеркәсіптік ұйымдар мен жылу өндіруші субъектілер үшін айналымдық және қайталама сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу көзделген. Сонымен қатар тазартылған сарқынды суларды, еріген қар және жауын-шашын суларын баламалы су көздері ретінде пайдалану мүмкіндіктері қарастырылды.

Суармалы егіншілікте ортақ ирригациялық және коллекторлық-дренаждық инфрақұрылымды бірлесіп басқаруға арналған ирригациялық кондоминиум институты енгізілді.

Гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіздігіне қатысты талаптар жүйеленді. Оларды есепке алу, техникалық жай-күйін бағалау, көпфакторлы зерттеп-қарау және қауіпсіздік декларациясын әзірлеу тәртібі нақтыланды. Көпфакторлы зерттеп-қарауды орындау қағидалары мен қауіпсіздік декларациясының нысаны министрдің 2025 жылғы 27 маусымдағы № 156-НҚ бұйрығымен бекітілді.

Сондай-ақ жерасты суларын іздеу, бағалау, мониторингтеу және қорғау тетіктері жетілдіріліп, су объектілерін, мұздықтар мен сулы-батпақты алқаптарды қорғау талаптары күшейтілді. Бассейндік кеңестердің рөлі артып, жұртшылықтың су ресурстарын басқаруға қатысу мүмкіндіктері кеңейтілді.

Осы құқықтық тетіктерді іске асыру су ресурстарын цифрлық есепке алу жүйесін дамытумен ұштастырылып жатыр. Министрліктің 2026 жылғы 8 қыркүйектегі ресми хабарламасына сәйкес, Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі өнеркәсіптік пайдалануға берілді.

Аталған хабарламада жүйеде 23 мыңнан астам су нысаны туралы мәлімет цифрландырылып, жүйеленгені көрсетілген. Олардың қатарында 17 758 өзен, 3 148 көл және 1 207 гидротехникалық құрылысжай бар. Бұдан бөлек, жүйеге су шаруашылығы және гидротехникалық құрылысжайлардың 9 мыңға жуық цифрлық паспорты енгізілген.

Жүйе су балансын жүргізуге, су пайдалануды есепке алу мен талдауға, су қоймаларының жай-күйін бақылауға және трансшекаралық су объектілері жөніндегі деректермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл басқару шешімдерін бірыңғай әрі сенімді деректер негізінде қабылдауға жағдай жасайды.

Қазақстанда су ресурстарын қалай ұтымды пайдалануға болады
Фото: «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы

Ирригациялық жүйелер мен гидротехникалық  құрылыстардың жай-күйі нешік?

Министрліктен түскен мәліметке қарағанда, Қазақстанда ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру, гидротехникалық құрылысжайларды жаңғырту және жаңа су қоймаларын салу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Негізгі мақсат — су жинақтау мүмкіндігін кеңейту, суды тасымалдау кезіндегі шығындарды азайту және суармалы жерлерді сумен тұрақты қамтамасыз ету.

Республикада 8 577 ирригациялық канал, 118 гидроторап, 247 дамба, 461 бөгет, 271 тоған, 405 су қоймасы және 3 287 өзге де гидротехникалық құрылысжай бар. Ирригациялық каналдардың жалпы ұзындығы — шамамен 45 мың шақырым. Оның 79 пайызы — топырақ арналы каналдар.

Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында 42 жаңа су қоймасын салу, қолданыстағы 37 су қоймасын реконструкциялау және 14,5 мың шақырым ирригациялық каналды жаңғырту көзделген. Бұл шаралар жыл сайын қосымша 2,6 млрд текше метрге дейін су жинақтауға және суды тасымалдау кезіндегі шығындарды 25 пайызға қысқартуға бағытталған.

2024-2025 жылдары жалпы ұзындығы 1 458 шақырым ирригациялық канал реконструкцияланды. 2026 жылы ұзындығы 4,6 мың шақырымнан асатын каналдарды реконструкциялау және жаңғырту жобалары іске асырылып жатыр. Жыл соңына дейін 964 шақырым каналды пайдалануға беру жоспарланған. Бұл шамамен 200 мың гектар суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуін жақсартуға мүмкіндік береді.

Каналдарды механикалық тазалау көлемі де ұлғайды: 2023 жылы 678 шақырым канал тазаланса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1 840 шақырымға жетті.

Жұмыстар республикалық бюджет, нысаналы трансферттер, «Қазсушар» РМК-ның тарифтік қаражаты және халықаралық қаржы ұйымдарының, соның ішінде Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Ислам даму банкінің қаражаты есебінен қаржыландырылады.

2026 жылы Ислам даму банкінің қолдауымен іске асырылатын жобалардың бірінші кезеңі басталды. Осы кезеңде жалпы ұзындығы 900 шақырымнан асатын 212 суару каналын реконструкциялау көзделген. Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан және Қызылорда облыстарында 88 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Оларды іске асыру үшін 13 мердігер ұйыммен шарттар жасалған. Жобалардың орындалу мерзімі — 2026-2028 жылдар.

Қазақстанда су ресурстарын қалай ұтымды пайдалануға болады
Фото: «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы

Каналдарды жаңғырту барысында су есебін автоматтандыруға көңіл бөлінуде. Оңтүстік өңірлерде жалпы ұзындығы 968 шақырым болатын, 65 мың гектар суармалы жерге қызмет көрсететін 103 ирригациялық каналды автоматтандыру жұмыстары басталды.

Сонымен қатар «Қазсушар» РМК өз қарамағындағы гидротехникалық құрылысжайлар мен суару каналдарын жыл сайын ағымдағы жөндеуден өткізеді. Жергілікті атқарушы органдар коммуналдық су шаруашылығы инфрақұрылымын пайдалану және күтіп ұстау үшін коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар құру және олардың қызметін ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Жаңа су қоймалары салынып жатыр ма?

Министрлік хабардар еткеніндей, Түркістан облысында Бәйдібек ата және Қарақуыс су қоймалары салынып жатыр. Бәйдібек ата су қоймасының сыйымдылығы — 68 млн, Қарақуыс су қоймасының сыйымдылығы — 1,2 млн текше метр. Екі нысанның құрылысын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Бәйдібек ата су қоймасы вегетацияаралық кезеңде жиналған суды суару маусымында Бөген су қоймасына бағыттауға мүмкіндік береді. Осы мақсатта ұзындығы 21,7 шақырым болатын Сарқырама каналы да салынып жатыр. Ал Қарақуыс су қоймасы 500 гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етуге арналған.

Ислам даму банкінің қаржыландыруы аясында тағы үш су қоймасын салуға қатысты рәсімдер басталды. Олар — Жамбыл облысындағы Ақмола, Батыс Қазақстандағы Қараөзен (Үлкен өзен) және Қызылордадағы Қараөзек су қоймалары. Ұсынылған жоспарға сәйкес, олардың құрылысын 2026 жылы бастау көзделген.

Көксарай контрреттегішінің бөгетін реконструкциялау жұмыстары басталды. Жоба нысанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын арттыруға және су жинақтау көлемін 1,5 млрд текше метрден 3 млрд текше метрге жеткізуге бағытталған.

Қазақстанда су ресурстарын қалай ұтымды пайдалануға болады
Фото: «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы

2027 жылы Ақмола облысында сыйымдылығы шамамен 870 млн текше метр болатын Есіл контрреттегішінің және Жамбылда Қалғұты су қоймасының құрылысын бастау жоспарланып отыр.

Қолданыстағы су қоймалары жаңғыртылады

Кейінгі жылдары БҚО-дағы Киров, Түркістандағы Қапшағай, Ақтөбедегі Ақтөбе, Шымкенттегі Тоғыз, Абай облысындағы Шар және Жетісудағы Қызылағаш су қоймаларын реконструкциялау жұмыстары аяқталды.

Қазіргі уақытта жеті су қоймасын реконструкциялау бойынша жобалау жұмыстары мәресіне жеткен. Олар — Жамбыл облысындағы Теріс-Ащыбұлақ пен Қарақоңыз, Шығыс Қазақстандағы Қандысу, Жетісудағы Алмалы, Ащыбұлақ пен Ақешкі және Батыс Қазақстандағы Бітік су қоймалары.

Теріс-Ащыбұлақ су қоймасын реконструкциялау Ислам даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылады. Қалған алты су қоймасын реконструкциялау Азия даму банкімен және Еуропалық қайта құру және даму банкімен ынтымақтастық аясында жоспарланған.

Бұдан бөлек, 17 су қоймасын реконструкциялауға арналған жобалық құжаттама әзірленуде (Жамбыл облысында — Ынталы; Шығыс Қазақстанда — Үйдене; Ақмолада — Подлесное, Қоянды және Астана; Ақтөбеде — Қарғалы; Алматы облысында — Бартоғай; Батыс Қазақстанда — Дөңгелек, Пятимар, Сарышаған және Шаған; Түркістанда — Бадам; Қарағандыда — Самарқанд; Қостанайда — Жоғарғы Тобыл, Қаратомар және Амангелді; Солтүстік Қазақстанда — Шарық).

Қызылорда облысындағы Жиделі және Түркістандағы Ақтөбе су қоймаларын реконструкциялау бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен Қостанай облысындағы Тұнтұғыр су қоймасы реконструкцияланып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ тағы жеті жоба бойынша тиісті құжаттама дайындалып жатыр.

Қазақстанда су ресурстарын қалай ұтымды пайдалануға болады
Фото: «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы

Министрлік іске асыратын 40 жобаның 14-і топтық су құбырларын салуға және реконструкциялауға, 23-і ирригациялық каналдарды, су қоймаларын және өзге де гидротехникалық құрылысжайларды реконструкциялауға, үшеуі ИДЖЖ-2 жобасы аясында ирригациялық және дренаждық жүйелерді қалпына келтіруге бағытталған. Осы жобалардың төртеуі бойынша жұмыстар толық аяқталды.

Тұжырымдаманы іске асыру аясында 221 жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілуде (оның ішінде: 184 жоба — ирригациялық каналдар мен суару жүйелерін реконструкциялау; 10 жоба — жаңа су қоймаларын салу; 17 жоба — қолданыстағы су қоймаларын реконструкциялау; 10 жоба — өзге де гидротехникалық құрылысжайларды реконструкциялау).

Осы 221 жобаның 137-сі бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Тағы 28 жобаның құжаттамасы сараптамада қаралып, ал 56 жоба бойынша құжаттама әзірленіп жатыр.

Сондай-ақ 2026 жылы тұжырымдамада көзделген 34 гидротехникалық құрылысжайды жаңғырту бойынша жобалау жұмыстары басталды. Олардың аясында жеті техникалық-экономикалық негіздеме және 27 жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу көзделген.

Топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша тағы жеті жобаның құжаттамасы дайындалуда. Бір жоба мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды, бес жоба сараптамада қаралып, бір жобаның құжаттамасы дайындалып жатыр.

Осы жұмыстардың нәтижесінде су шаруашылығы инфрақұрылымының сенімділігі артып, су жинақтау мүмкіндігі кеңейеді. Каналдарды реконструкциялау, автоматтандыру және уақтылы күтіп ұстау су шығындарын азайтып, ауыл шаруашылығының сумен тұрақты қамтамасыз етілуін жақсартуға мүмкіндік береді.

Трансшекаралық өзендер мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Қазақстанда су ресурстарының шамамен 45 пайызы трансшекаралық өзендер арқылы ағып келетіні мәлім.

Сондықтан Қазақстан үшін трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану және көршілес мемлекеттермен тұрақты ынтымақтастық орнату — су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Бұл жұмыс екіжақты үкіметаралық комиссиялар, сарапшылық және жұмыс топтары, сондай-ақ өңірлік көпжақты тетіктер арқылы жүргізіледі.

Министрліктің деректеріне сәйкес, 2026 жылдың басынан бері көршілес мемлекеттермен 38 келіссөз өткізілген. Оның 27-сі Орталық Азия елдерімен, 11-і Қытай және Ресеймен жүргізілген. Келіссөздерде су бөлу, су қоймаларының жұмыс режимдерін үйлестіру, суару маусымында су беруді қамтамасыз ету және гидрологиялық ақпарат алмасу мәселелері қаралды.

Орталық Азия елдерімен бірқатар нақты уағдаластыққа қол жеткізілді. Қырғызстан және Өзбекстанмен Тоқтоғұл су қоймасы мен Үшқорған су электр станциясының 2026 жылғы вегетациялық кезеңдегі жұмыс режимдері келісілді. Тәжікстан және Өзбекстанмен Бахри-Точик су қоймасының жұмыс режимі және мемлекетаралық «Достық» каналы арқылы су беру тәртібі айқындалды. Қырғызстанмен Шу және Талас өзендері бойынша су беру режимдері келісілді.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың құқықтық негізі нығайтылды. 2025 жылы қол қойылған трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы үкіметаралық келісім 2026 жылы ратификацияланды. Құжатты іске асырудың тұрақты тетігі ретінде бірлескен Қазақстан-Өзбекстан комиссиясын құру көзделген.

Су шаруашылығы ведомстволарының үйлесімді жұмысының нәтижесінде 2026 жылғы вегетациялық кезеңде Шардара су қоймасына шамамен 3,69 млрд текше метр су келіп түсті. Бұл болжамды көлемнен 840 млн текше метрге артық.

2026 жылғы қазанда Түрікменбашы қаласында өткен Орталық Азияның Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының 95-ші отырысында Сырдария және Әмудария бассейндеріндегі вегетациялық кезеңнің қорытындылары қаралды. Тараптар 2026-2027 жылдардың вегетацияаралық кезеңіне арналған су алу лимиттері мен су қоймаларының болжамды жұмыс режимдерін бекітті. Осы кезеңде Шардара су қоймасына шамамен 10 млрд текше метр су келеді деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Сырдария бассейнінде су ресурстарын есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жөніндегі жоспар жобасын әзірлеу үшін жұмыс тобының отырысын өткізу келісілді. Бұл су есебінің ашықтығын арттыруға және мемлекеттер арасындағы деректер алмасуды жетілдіруге бағытталған.

Қытаймен трансшекаралық өзендердің суын бөлу туралы үкіметаралық келісім жобасын әзірлеу және келісу жұмыстары жалғасуда. Бұған дейін Үлкен Ұласты өзенінде бірлескен су бөлу құрылысын салу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілген. Бұл бағыттағы жұмыс трансшекаралық суларды әділ әрі ұтымды пайдалану тетіктерін дамытуға арналған.

Ресеймен ынтымақтастық бірлескен Қазақстан-Ресей комиссиясы аясында жүргізіледі. Негізгі бағыттар — трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау, су қоймаларының жұмыс режимдерін үйлестіру, тасқын суларды қауіпсіз өткізу және гидрологиялық ақпарат алмасу. 2026 жылы Жайық, Тобыл, Есіл және Ертіс бассейндерінде тасқын суларды өткізу сценарийлері келісіліп, күнделікті гидрологиялық деректер алмасу ұйымдастырылды.

Осылайша, келіссөздердің практикалық нәтижесі су беру режимдерін келісуден, су қоймаларына түсетін ағынды жоспарлаудан, ақпарат алмасуды жетілдіруден және бірлескен басқарудың құқықтық тетіктерін нығайтудан көрінеді. Бұл жұмыс Қазақстанның суға деген қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, су тапшылығы мен тасқын тәуекелдерін азайтуға және трансшекаралық су экожүйелерін сақтауға бағытталған.

Қазақстанда су ресурстарын қалай ұтымды пайдалануға болады
Фото: «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы

Сала мамандарын даярлауда не жаңалық бар?

2023 жылы құрылған күннен бастап Су ресурстары және ирригация министрлігінің ең алғашқы және маңызды жоспарларының бірі — саладағы мамандардың біліктіліктерін және ЖОО мен колледждермен бірлесіп білім сапасын арттыру, оған қоса шет елдік әріптестермен бірлескен білім бағдарламаларын әзірлеу.

Сол бағытта алғашқы орындалған шаралардың бірі «Су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру және ирригация саласындағы кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңес» құрылды. Салалық кеңестің ең негізгі мақсаты — салада көп жылдық практикалық тәжірибесі бар мамандар, ғалымдар және ЖОО мен колледж ұстаздарымен бірлесіп салаға қажетті мамандарды дайындауға қойылатын талаптарды айқындайтын кәсіптік стандарттарды бекіту. Осы мақсатта қажетті кәсіптік стандарттардың тізімі жасақталып жатыр.

Тағы да бір маңызды шаралардың бірі, салаға қажетті мамандарды дайындайтын барлық ЖОО-мен ынтымақтастық орнату бойынша меморандумдарға қол қойылды. Соның нәтижесінде жас студенттер су нысандарындағы өндірістік учаскелерде практикалық тәжірибеден өтіп, теориялық білімдерін шыңдауға мүмкіндік алды. Алғашқы жылдары практикадан өткен студенттердің саны 80-нен, ал биыл 700-ден асты.

Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп өткізген шаралардың нәтижесінде «Болашақ» халықаралық білім беру бағдарламасындағы мамандықтар тізбесінде су мамандықтарының және ЖОО-на сала бойынша мамандықтарға білім гранттарының саны артты.

Бұдан өзге, 2023-2024 оқу жылында бөлінген гранттардың саны 264 болса, соңғы жылдары бөлінген гранттардың саны 1 мыңға жуықтайды. Бұл жастардың су саласына қызығушылығы артқанын білдіреді. Сонымен қатар 2023 жылы салаға қажетті мамандар дайындайтын білім ошақтарының саны 15 (9 ЖОО мен 6 колледж) болса, бүгінде бұл көрсеткіш 23-ке (13 ЖОО мен 10 колледж) жетті. Соның ішінде 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Тараз қаласында қайта құрылған Қазақ Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетін атап кеткен жөн.

Бүгінде жоғарыда аталған оқу орындарындағы білім алушылардың саны 4 мыңнан асады.

Халықаралық білім және ғылым орталықтарымен бірлескен шаралар орындалуда. Атап айтқанда, Қазақстандағы Нидерланд Корольдігінің елшілігі Clingendael және IHE Delft институттарымен бірлесіп Орталық Азияның дипломаттары мен сарапшылары үшін «Young Water Diplomats» оқу курсын өткізуде. Оқу курстары Орталық Азия елдерінен барлығы 15 кіші дипломат пен кәсіби маман үшін ұйымдастырылды. Оқу онлайн форматта 2025 жылғы наурыз бен 2026 жылғы қараша аралығында жүргізіледі. Бұл курстарға министрліктен 3 маман қатысып жатыр.

Аталған шаралар министрлік пен Нидерландының IHE Delft Су білімі институты арасында қол қойылған «Су ресурстарын басқару бойынша өзара түсіністік туралы» меморандум бойынша ынтымақтастықтың жалғасы болып есептеледі.

Трансшекаралық су нысандарын қорғау мен пайдалану бойынша келіссөздер тобы мамандарының біліктіліктерін арттыру мақсатында биылғы 16-18 маусым аралығында министрліктің 8 маманы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Су саласындағы халықаралық келіссөздер» тақырыбында біліктілік арттыру курстарынан өтті.

Сондай-ақ Қазақ Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті мен Мажарстан елінің Корвинус университетімен алғашқы Double Degree «Су ресурстарын басқару мен су дипломатиясы» бірлескен оқу бағдарламасы аясында министрліктің 9 маманы маусым айында магистрлік жұмыстарын қорғап, дипломдарын алды.

Аталған оқу бағдарламасына министрліктің 27 маманы қызығушылық танытып, жаңа 2026-2027 оқу жылында құжаттарын тапсырды.

Қатардағы жұмысшы мамандардың біліктіліктерін арттыру бойынша да бірқатар іс-шаралар орындалуда. Атап айтқанда, жыл сайын «Қазсушар» РМК филиал мамандары Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Қазақ Ұлттық аграрлық-зерттеу университетінде оқу курстарынан өтеді. Оған қоса шетелдік әріптестермен орнатылған ынтымақтастықтың нәтижесінде шет елдердің ғылыми орталықтарының мамандарымен бірлескен оқу семинарлары өткізіліп келеді, олардың ішінде Нидерланд корольдігінің Делфт су білімі институты, АҚШ Геологиялық қызметі, Израиль мемлекетінің MASHAV бағдарламасы, халықаралық ынтымақтастық бойынша GIZ Герман ұйымы бар.

Мамандар Жапония, Корея, АҚШ, Финляндия, Израиль, Өзбекстан, Словакия сияқты елдердің озық тәжірибелерімен танысып, оқу курстарынан өтті. Қытайлық «Power China» компаниясымен бірлесіп 2025 жылы 125 қазақстандық маман осы елдің су саласындағы дамыған инфраструктурасымен танысып, оқу-семинарларына қатысты. Аталған шара биыл да жалғасын табуда.

Жайық, Ертіс сияқты өзендердің экожүйесін жақсарту жайы қалай?

Қазақстан мен Ресей арасында трансшекаралық өзендердің экожүйелерін сақтау, су ресурстарын ұтымды пайдалану және су қоймаларының жұмыс режимдерін үйлестіру жөніндегі бірлескен жоспарлар іске асырылуда. Бұл жұмыс трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Ресей комиссиясы мен бассейндік жұмыс топтары аясында жүргізіледі.

Негізгі бағыттардың бірі — Жайық, Ертіс және басқа да ірі өзендердің бассейндерінде зерттеулер жүргізу жөніндегі ынтымақтастықты жандандырудың бірыңғай жол картасын іске асыру. Сонымен қатар трансшекаралық су объектілерінің 2026-2030 жылдарға арналған мониторинг бағдарламалары орындалуда. Су қорғау іс-шаралары мен ластануды азайту жоспарларының орындалуын бақылау да бірлескен жұмыстың маңызды бөлігі болып саналады.

Су режимдерін үйлестіру бойынша нақты шаралар қабылданды. 2026 жылы тараптар Жайық, Тобыл, Есіл және Ертіс бассейндерінде тасқын суларды өткізу сценарийлерін келісіп, күнделікті гидрологиялық ақпарат алмасуды ұйымдастырды. Министрліктің мәліметінше, су қоймаларының келісілген жұмыс режимдері тасқын кезеңін күрделі жағдайларсыз өткізуге мүмкіндік берді.

2026 жылғы 1 қазанда Екатеринбург қаласында Қазақстан-Ресей комиссиясының XVI отырысы өтті. Онда көктемгі су тасқынын өткізу, су қоймаларын толтыру, халық пен экономика салаларын сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ трансшекаралық су объектілерінің мониторингі мен су қорғау іс-шараларының нәтижелері қаралды.

Тараптар Жайық пен Ертіс бассейндеріндегі зерттеулер жөніндегі бірыңғай жол картасының іске асырылу барысын талқылады. Сонымен бірге Қараөзен және Сарыөзеннің су шаруашылығы баланстарын әзірлеу мәселелері қаралды.

Отырыс қорытындысы бойынша жұмыс топтарының құрамы және 2027 жылға арналған іс-шаралар жоспарлары бекітілді. Жұмыс топтарына су қорғау шаралары мен ластануды азайту жоспарларының орындалуын бақылауды жалғастыру тапсырылды.

Осы шаралар өзендердің жай-күйін бірлесіп бақылауға, су ағынын реттеу жөніндегі шешімдерді үйлестіруге, ластануды төмендетуге және су экожүйелерін сақтауға бағытталған.

Қазақстанда су ресурстарын қалай ұтымды пайдалануға болады
Фото: «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы

Бассейндер суды қалай пайдаланып жатыр?

Министрлік мамандарының пайымдауынша, барлық су шаруашылығы бассейндерінде суды тиімді пайдалану үшін нақты су есебіне, ғылыми негізделген жоспарлауға және су үнемдеу шараларына сүйену қажет. Әр бассейндегі қолжетімді су көлемі халықтың, экономика салаларының және экожүйелердің қажеттіліктерімен сәйкестендірілуге тиіс.

Осы мақсатта жаңа Су кодексінде Су ресурстарын интеграцияланған басқарудың бас жоспарын және су ресурстарын қорғау мен пайдаланудың бассейндік жоспарларын әзірлеу көзделген. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап су пайдалану лимиттерін экологиялық ағынды ескере отырып есептеу, сондай-ақ перспективалы және жедел лимиттерді белгілеу туралы нормалар қолданысқа енгізіледі. Бұл суды бөлуді әр бассейннің нақты мүмкіндігімен және болжамды сулылығымен байланыстыруға мүмкіндік береді.

Маңызды міндеттердің бірі — суды алу нүктесінен түпкілікті тұтынушыға дейінгі есепті автоматтандыру. Ол үшін су өлшеу құралдарын орнату, деректерді цифрлық жүйелерге біріктіру және су беру көлемін тұрақты бақылау қажет. Мұндай есеп судың қай учаскеде жоғалатынын анықтауға және шығындарды азайту шараларын нысаналы жоспарлауға жағдай жасайды. Бұл жұмыс каналдарды жаңғыртумен және суару желілерін уақтылы күтіп ұстаумен қатар жүргізілуге тиіс.

Ауыл шаруашылығында тамшылатып және жаңбырлатып суаруды кеңейту, шаруашылықішілік желілерді басқаруды жетілдіру, сондай-ақ егіс құрылымы мен суару режимдерін өңірдің су мүмкіндігіне бейімдеу маңызды. Технологияларды таңдағанда дақылдың ерекшелігі, топырақ жағдайы және климат ескерілуі қажет.

Осы бағыттағы мемлекеттік қолдау күшейтілді. Су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын өтеу үлесі 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Ал су үнемдеу технологияларын қолданатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін суару суына берілетін субсидия мөлшері 85 пайызға дейін жеткізілді.

Қабылданған шаралар нәтижесінде су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқап көлемі 2023 жылғы 237,1 мың гектардан 2026 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша 702,3 мың гектарға дейін өсіп, үш есеге жуық ұлғайды. Министрліктің деректеріне сәйкес, 2025 жылы осы технологияларды қолдану арқылы шамамен 874 млн текше метр су үнемделді.

2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларымен қамтылған суармалы жер көлемін 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарланған. Бұл жыл сайын 2,2 млрд текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді деп жоспарланып отыр.

Өнеркәсіпте айналымдық және қайталама сумен жабдықтау жүйелерін дамыту қажет. Тиісті сапа талаптарын сақтай отырып, тазартылған сарқынды суды қайта пайдалану, сондай-ақ еріген қар мен жауын-шашын суларын жинап пайдалану табиғи су көздеріне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Сондықтан әр бассейнде су үнемдеу шараларының нәтижесін нақты көрсеткіштермен бағалау маңызды: қанша су алынды, оның қаншасы тұтынушыға жеткізілді, қаншасы жоғалды және қанша су үнемделді. Осындай есеп пен бақылау басқару шешімдерінің негізі болуы керек.

Өзен жағалауындағы заңсыз жұмыстар үшін қандай жауапкершілік көзделген?

Тағы бір мәселе, өзен жағалауынан немесе арнасынан құм және басқа материалды қазу жағдайлары жиі кездеседі. Экологтар бұған жол бермеу қажеттігін айтады. 

Бұл мәселеге орай берген министрліктің жауабына қарағанда, өзен арналары мен жағалауларынан құм, қиыршықтас және басқа да табиғи материалдарды заңсыз өндіру өзендердің табиғи ағысына, жағалаулардың тұрақтылығына және су экожүйелеріне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселені реттеу заңнамадағы шектеулерді сақтауды, заңсыз жұмыстарды уақтылы анықтауды және мемлекеттік органдардың үйлесімді іс-қимылын талап етеді.

Қазақстанда су ресурстарын қалай ұтымды пайдалануға болады
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Су кодексінің 86-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, заңда тікелей көзделген жекелеген жағдайларды қоспағанда, жерүсті су объектілерінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге тыйым салынады. Су қорғау белдеулерінде де осы бапта көрсетілген ерекшеліктерден басқа шаруашылық қызметке тыйым салынған. Ал су қорғау аймақтарында қызметтің жекелеген түрлеріне қатысты арнайы шектеулер қолданылады.

Заңнамада рұқсат етілген жұмыстардың өзі белгіленген талаптарға сай жүргізілуі тиіс. Су кодексінің 50-бабына сәйкес, су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде орындалатын жұмыстар осы кодекстің 86-бабындағы талаптарға сәйкес келуге тиіс. Тиісті жұмыстарды жүргізу шарттары бассейндік су инспекцияларымен келісіледі. Бұл ретте инспекцияның келісімі заңда белгіленген тыйымдарды айналып өтуге негіз болмайды.

Келісу тәртібі Су ресурстары және ирригация министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 20 маусымдағы № 142-НҚ бұйрығымен бекітілген қағидаларда айқындалған.

Бассейндік су инспекцияларының мәліметтері бойынша, 2025 жылы және 2026 жылдың тоғыз айында жерүсті су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды заңсыз жүзеге асыруға байланысты жалпы сомасы 8 018,3 мың теңге айыппұл салынып, өндірілген. Оның ішінде 2025 жылы — 6 666,7 мың теңге, 2026 жылдың тоғыз айында — 1 351,6 мың теңге.

Аталған сома ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің мынадай нормалары бойынша бөлінеді:

  • 360-баптың 1-бөлігі бойынша, су объектісінің шекараларын заңсыз өзгерткені үшін — 2 229,4 мың теңге;
  • 360-баптың 3-бөлігі бойынша, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға байланысты жұмыстарды жүргізуге арналған құжаттар жобаларын келісу шарттарын бұзғаны үшін — 5 111,6 мың теңге;
  • 463-баптың 1-бөлігі бойынша, рұқсат алу міндетті болған жағдайда қызметті рұқсатсыз жүзеге асырғаны үшін — 677,3 мың теңге.

Бұл баптар су объектілеріндегі заңсыз шаруашылық қызмет, келісу шарттарын бұзу және міндетті рұқсатсыз қызмет жүргізу үшін әкімшілік жауаптылықты көздейді.

Мәселені жүйелі шешу үшін су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекараларын белгілеуді және олар туралы мәліметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар бассейндік су инспекцияларының, экология және жер қойнауын пайдалану саласындағы уәкілетті органдардың, әкімдіктер мен құқық қорғау органдарының ақпарат алмасуын күшейту маңызды.

— Бақылау заңсыз жұмыстарды анықтаумен қатар, оларды тоқтатуға, келтірілген залалды бағалауға және заңнамада көзделген тәртіппен бұзылған учаскелерді қалпына келтіруге бағытталуы тиіс. Бұл шаралар өзен арналары мен жағалауларын қорғауға және осындай құқық бұзушылықтардың қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді, — делінген министрліктің ресми жауабында.

Қазақстанда су ресурстарын қалай ұтымды пайдалануға болады
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Қорыта айтқанда, Су ресурстары және ирригация министрлігінің деректері негізінде Қазақстандағы су шаруашылығының қазіргі жай-күйі, өзекті мәселелері, алда тұрған мақсат-міндеттер барынша қамтылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанда су үнемдеудің өзекті мәселелерін қалай шешуге болатынын жазған едік.

Сондай-ақ БҚО-да суды заңсыз пайдаланғандарға 2,5 млн теңге айыппұл салынды.