Қазақстанда тауарды қайтаруда қандай талаптарды ескеру керек

АСТАНА. KAZINFORM – Кейбір жағдайда сатып алған тауардың өлшемі дұрыс келмей жатады немесе жасырын ақаулары болуы мүмкін, яғни оны қайтарудың себептері әртүрлі. Заңда әр адамның өзінің құқығын қорғау мүмкіндігі, затты қайтарудың  процесі, сондай-ақ сатушы қандай талаптарды орындауы керек екені бекітілген.

Қазақстанда тауарды қайтаруда қандай талаптарды ескеру керек
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Тұтынушылар сауда жасағаннан кейін, көбінесе алған затына көңілі толмай жатады. Киімі жараспайды немесе алған құрылғысынан ақау шығады. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңда адамдардың тауарды қайтаруға немесе басқасына ауыстыруға құқығы бар екені анық көрсетілген және бұл құқық қатаң қорғалған.

Егер киім ұнамай қалса, тұтынушы дүкенге оны қайтара алады, бірақ киім бастапқы жаңа күйінде болуы керек. Мәселен, техникадан ақау шықса, онда тұтынушының құқықтарын қорғау тетігі кеңейе түседі.

Заң аясында затты қайтару тәртібі қалай?

Затты екі негізгі жағдайда қайтара аласыз және осы себептер күнделікті өмірде жиі кездеседі.

Біріншіден, зат сапалы болса да, бірақ жай ғана сәйкес келмей жатады. Мысалы, киімнің өлшемі кішірек болса, дүкендегі жарықтандыруға байланысты оның түсі іс жүзінде басқаша құбылып тұрса немесе киім витринадағыдан басқаша көрінсе, тұтынушыларда қайтару мүмкіндігі бар. Заң бойынша затты 14 күн ішінде қайтаруға болады. Ең бастысы, затты пайдаланылмаған күйінде қаптамасымен және тиісті жапсырмасымен тапсыру керек. Қарапайым тілмен айтқанда, егер үйде киімді бір кигеннен жараспайтынын түсінсеңіз, оны қайтара аласыз.

Екіншіден, тауар сипаттамасына сәйкес келмесе де қайтаруға рұқсат етіледі. Бұл ретте, ондағы анық ақаулар (сызаттар болса, толық жинақталамаса немесе техника іске қосылмаса) мен бірнеше күннен немесе аптадан кейін пайда болатын жасырын ақаулар ескеріледі. Мұндай жағдайларда сатып алушы ақшаны қайтаруды, затты жаңасына ауыстыруды немесе жөндеуге жіберу мүмкіндігін таңдайды, ал сатушыда өз талаптарын қоюға құқығы жоқ.

Атап айтқанда, арзандатылып сатылатын тауарлар ұғымын да ескеру қажет. Бұл заттарда бастапқыдан сызаттар, жыртылған қаптамасы болса, сондай-ақ басқа да ақаулары анықталса, арзан бағамен өткізіледі. Мұндай тауарлар жайында тұтынушыға алдын ала ескерту жасалғандықтан, олар қайтарылмайды. Дегенмен, өзге түрлі жеңілдіктерге, акцияларға, жаппай сатылымдарға бұл ереже таралмайды. Жеңілдікпен сатылатын заттар заң талаптарына сәйкес қабылданады, ауыстырылады немесе жөнделеді.

Сонымен қатар заңда қайтарылмайтын тауарлардың тізімі қарастырылған. Оның қатарына іш киім, косметика, парфюмерия, өлшеніп сатылатын текстиль, медициналық құралдардың бір бөлігі және күрделі жабдықтардың кейбір түрлері кіреді. Бұл өз кезегінде Үкіметтің қаулысымен бекітілген бірыңғай тізім және сатушылар оны өз қалауы бойынша өзгерте алмайды.

Алайда, бұл мәселеде маңызды бір ерекшелік бар. Егер осы тізімдегі заттарда ақау табылса, тыйым қолданылмайды. Тіпті, іш киімде жыртығы болса немесе косметика жарамсыз күйде екені анықталса, оларды қайтару мүмкіндігі бар. Бұл тұрғыда заң толығымен сатып алушының жағында.

Тауарды қалай дұрыс қайтару керек?

Процесс қарапайым әрекеттен басталады, яғни затты сатып алғаныңды дәлелдеу қажет. Бұл ретте түбіртекті сақтаған дұрыс. Егер ол жоғалса, банк қосымшасындағы үзінді көшірме немесе төлем тізімі жеткілікті.

Осыдан кейін тұтынушы дүкенге хабарласып, қайтару себебін және өзінің талабын жазып, өтініш толтырады. Тауар тексеріледі, ал даулы жағдайда оны сараптамалық бағалауға жіберуі мүмкін. Бұл бағалау сатушының есебінен жүзеге асырылады және көп уақыт қажет етпейді.

Мысалы, Kaspi дүкенінде сатушыларға сараптама жасатып, қайтару туралы өтініш бойынша шешім қабылдауға 30 күн беріледі.

Егер ақау расталса, дүкен өтінішті орындауға міндетті — ақшаны қайтару немесе ауыстыру. Іс жүзінде ақшаны қайтару бірнеше күнге созылады, бірақ нақты мерзім нақты сатушының ішкі рәсімдеріне байланысты.

Егер мәселе ақауы бар тауарларға қатысты болса, бұл жайында ескерту керек. Сатып алушы осы өнімді нақты қай дүкеннен алғанын дәлелдей алуы да маңызды. Сатып алуды растайтын құжат болмаса, қиындықтар туындауы мүмкін.

Ақшаны қайтару үшін не істеу керек?

Кейде дүкендер өтінімді қабылдамай жүріп алады немесе тұтынушыны өндірушіге жіберуге тырысады. Мұндай жағдайларда сатып алушы алдында өндіруші немесе дилер емес, сатушы жауапты екенін білген жөн.

Бірінші қадам — ​​дүкен иесінің атына шағымдану. Әдетте, бұл әрекеттің нәтижесін бірден байқауға болады, себебі ірі сауда желілері өз беделіне қатты қарайды, ал кішігірім дүкендер тексерістен қорқады.

Егер жауап болмаса, тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарласа аласыз. Шағымды eGov немесе e-Otinish арқылы онлайн режимінде оңай жолдауға болады. Мамандар тексерулер жүргізуге, нұсқама беруге және айыппұл салуға уәкілетті.

Соңғы қадам — сот. Тәжірибе көрсеткендей, сатып алушылар мұндай істерде көбінесе жеңіске жетеді, соттар дүкендерге ақшаны қайтаруды, моральдық залалды өтеуді және айыппұл төлеуді міндеттейді.

Бірақ алдымен департаменттен көмек сұраңыз. Егер олар мәселеңізді шешпесе де, сот отырысына мамандардың қатысуы істі айтарлықтай жеңілдетеді және дауды сіздің пайдаңызға шешуге көмектеседі.

Базардан алған тауарларды қайтару мүмкіндігі

Тауарларды қайтару құқығы ірі дүкендер мен онлайн платформалардан басқа да сауда алаңдарына тарайтынын түсіну маңызды. Заң сауда орталықтарындағы, бутиктердегі және кәдімгі базарлардағы сатып алушыларды бірдей қорғайды. Базарда жұмыс істейтін сатушы да кәсіпкер санатында. Сондықтан заң талап еткен жағдайда, шағымдарды қарауға, өтініштерді қабылдауға және ақшаны қайтаруға міндетті.

Жалғыз айырмашылық — базарда сатып алу дерегін растау қиынырақ. Сатушылар көбінесе түбіртек бермейді немесе кассалық аппараттарсыз жұмыс істейді. Осының салдарынан проблема болып жатады. Бірақ мұндай жағдайларда да сатып алушыға көмектесетін тетіктер бар. Мысалы, банк қосымшасының деректері, сатушының телефон нөмірі, бейнежазба, куәгерлер тауар алғаныңызды дәлелдей алады.

Егер өнім сапасыз болса, сатушы талаптарды орындауға міндетті. Техникаға қатысты кепілдік бар. Осы орайда сатушының «бұл базар» немесе «біз ештеңені жөндемейміз» деп сылтау айтуға құқығы жоқ. Бұл жағдайда базар әкімшілігіне хабарласа аласыз. Егер сатушы жауап беруден бас тартса, мәселемен тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті айналысады.

Бұған дейін хабарланғандай, Сауда және интеграция министрлігінің өкілі «Тауардың жарнамадағы бағасы мен дүкендегі бағасы арасында айырмашылық болса, не істеу керек?» деген сауалға жауап берді. 

Соңғы жаңалықтар