Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында балалар арасында «В» вирустық гепатитімен сырқаттану 1234,5 есеге төмендеді

2015 жылы балалар арасындағы «В» вирустық гепатитінің 2 жағдайы (сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 0,04) тіркелді. 1991 жылы бұл көрсеткіш 2469 (сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 46,1) болған еді. Сонымен бірге, 2015 жылы ересектер арасындағы «В» вирустық гепатитінің 167 жағдайы (сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 0,97) тіркелді, 1991 жылы 5263 жағдай (сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 31,31) тіркелген болатын.
«В» вирустық гепатиті, әсіресе балалар үшін қауіпті, өйткені дерттің клиникалық көріністері жиі байқала бермейді. Ауырған жағдайда балалардың 90% созылмалы вирус тасушыға айналады. Созылмалы «В» вирустық гепатитін жұқтырған кезде бауыр жасушаларын алмастыратын біріктіруші ұлпа өршіп, аталған орган қызметі бұзылады және бауыр циррозына әкеп соғуы ықтимал.
«В» вирустық гепатиті түрлі жолдармен: зарарсыздандырылмаған құралдармен жасалған инъекция арқылы, жыныстық жолмен, сырқат адаммен тұрмыстық бұйымдарды бірге пайдаланғанда жұғады. «В» гепатитіне шалдыққан жүкті әйелдер баласына вирус жұқтыруы мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бүкіл әлемде 2 млрд. адам «В» вирустық гепатитін жұқтырған. Жыл сайын «В» гепатитінің 4 млн. жуық оқиғасы және асқынған бауыр циррозынан немесе обырынан болатын 1 млн.-ға жуық өлім-жітім тіркеледі.
«В» вирустық гепатитінің жіті түрін емдеуге арналған дәрілік препарат жоқ. Тек қолдау терапиясы жасалады. Сондықтан әлемнің көптеген елдерінде вакцинацияның көмегімен осы инфекциялық аурудың балаларға жұғуының алдын алуды жөн көреді.
«В» вирустық гепатитіне қарсы вакциналық кешен бала 12 айға толғанға дейін үш екпе жасауды қарастырады. Алғашқы екпе сәби дүниеге келгеннен кейін 12 сағат ішінде жасалады. Қазақстанда «В» гепатитіне қарсы одан кейінгі екпелер балаға 2 және 4 ай болғанда жасалады.
Еске сала кетейік, Қазақстанда «В» вирустық гепатитіне қарсы вакцинация 1998 жылдан бері жүргізіліп келеді. Иммундаудан бас тарту - індетке бейім адамдардың санын арттырып, ауру ошағының пайда болуына себепкер болуы мүмкін.