Қазақстанда Тәуелсіздік есімді жалғыз жасөспірім бар
АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстанда Тәуелсіздік есімін иеленген жалғыз азамат бар. Ол — Жетісу облысы Панфилов ауданы Көктал ауылының тұрғыны, 9-сынып оқушысы Тәуелсіздік Батырбекұлы.
Тәуелсіздіктің айтуынша, оның туған күні 1 желтоқсанға сәйкес келеді. Ал ерекше есімді әкесі ел тәуелсіздігіне деген құрмет белгісі ретінде қойған.
— Есімімді әкем тәуелсіздікке байланысты қойды. Қазақстан тәуелсіздігі оңай келген жоқ, оны қыстың ызғарында алдық. Сондықтан бұл есім мен үшін үлкен жауапкершілік. Үйде мені «Тәуел» немесе «Тимош» деп еркелетеді. Алғашында бәрі таңғалады, кейін үйреніп кетеді. Өз есімім өзіме ұнайды, ешкімге тәуелді болмай, еркін жүр деген мағынада түсінемін, — дейді ол Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin LIVE» бағдарламасында.

Қазір Тәуелсіздік Батырбекұлы 9-сыныпта білім алып жүр. Болашақта заңгер болуды армандайды. Оның айтуынша, ел тарихы мен мемлекеттің қалыптасу жолы мамандық таңдауына әсер еткен.
Отбасында анасы мен бауырлары бар. Ол екі қарындасы мен бір інісінің бар екенін айтты. Әкесінің бала есімін қою дәстүрі жалғасып келе жатқанын да атап өтті.

— Бүгін, 16 желтоқсанда тағы бір бауырым дүниеге келуі мүмкін. Қарындасым Айша бибі, інім Тәуекел деп аталады, — деді Тәуелсіздік.
Айта кетейік, Астанада Тәуелсіздік мерекесі күні 18 сәби дүниеге келді.