Қазақстанда телекоммуникациялар туралы жаңа заң әзірленіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникация комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков жаңа телекоммуникациялар туралы заңда қарастырылатын негізгі өзгерістер туралы айтып берді.

Оның айтуынша, заңда деректерді беру және телекоммуникация желілеріне баса назар аударылады.
– Жалпы, қазіргі қолданыстағы байланыс туралы заң негізінен телефонияға бағытталған. Ал бүгінгі әңгіме деректерді беру, телекоммуникация желілері, электрлік байланыс туралы болмақ. Тиісінше, заңда деректерді беру мәселелері мен оны реттеуге байланысты нормалар мен ережелер қарастырылады, – деді Дамир Сейсембеков «Астана хабта» өткен стратегиялық талқылауда.
Ол Қазақстанда деректерді өңдеу орталықтары қарқынды дамып, жаңа технологиялар енгізіліп жатқанын атап өтті.
– Мысалы, геостационарлық емес спутник станциялар – Starlink, OneWeb туралы қазіргі заңда бір ғана сөйлем жазылған. Оларды қалай реттеу керек, бұл заңды ма, заңсыз ба – ештеңе жазылмаған. Жаңа заңда осыған арнайы бап арнап, оларды қалай реттеу керектігін анықтаймыз. Қандай инфрақұрылымды пайдалануға болатынын, ал қайсысын болмайтынын нақтылаймыз, өйткені бұл ұлттық қауіпсіздікке қатысты. Біз контент бөлігін шектемейміз, бірақ инфрақұрылымның қалай жұмыс істеуі керектігін анықтаймыз, - деп түсіндірді комитет басшысы.
Сонымен бірге, заң жобасы байланыс сапасын жақсартуға бағытталмақ.
– Мысалы, кеше ғана Алматы облысында жаңа технология таныстырылды. Онда ауылдық елдімекенде FIVE (Fixed Wireless Access) технологиясы арқылы сымсыз интернет іске қосылды. Бір ауылда шамамен 100 тұрғынды 300 Мбит/с жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етті, бұл қалалардағы байланыстан кем емес. Қазіргі байланыс туралы заңда мұндай термин мен ұғым жоқ. Ал жаңа телекоммуникациялар туралы заңда бұл ескеріледі, - деді Сейсембеков.
Оның айтуынша, сигнал ұстамайтын «ақ дақтарды» жою жұмыстары да жалғасуда.
– 2024 жылы біз 324 ауылдық елдімекенді 4G байланысымен қамтамасыз еттік, ол жерлерде мүлде интернет болмаған. Бірақ әлі де байланысқа қосылмаған елдімекендер бар. Қазақстан бойынша шамамен 350, Астанада 30-ға жуық «ақ дақ» бар, ол жерлерде ұялы байланыс ұстамайды. Біз бұл мәселелерді заң қабылданса да, қабылданбаса да шешу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Алайда жаңа заң технологиялардың дамуына және жаңа тәсілдерге сәйкес бұл саланы реттеуге арналған, - деп қорытындылады ол.
Бұған дейін Д. Сейсембеков Қытайдың Shanghai Spacecom Satellite спутниктік компаниясымен меморандумға қол қою жоспарланғанын айтқан еді.
Сондай-ақ ҚР Президентінің кеңесшісі Қуанышбек Есекеев заң қабылдауда кешікпеу керегін айтты.