Қазақстанда теміржол көлігімен тасымалданатын шикізаттық емес экспорт көлемі артты
АСТАНА. KAZINFORM – Биылғы бірінші жартыжылдықта теміржол көлігімен тасымалданатын шикізаттық емес экспорт көлемі ұлғайды.

Көлік министрлігінің мәліметінше, алты айда шикізаттық емес жүк экспортының көлемі шамамен 10 млн тонна болды. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7% артық. Атап айтқанда, химиялық және минералды тыңайтқыштар 11% - ға, түсті металдар 9% - ға, қара металдар 15% - ға және басқалар 11% - ға (бидай ұны, тұз, өсімдік майы және т.б) артты.
Сонымен қатар Қытай Халық Республикасы бағытында жалпы экспорт белсенді түрде артып келеді. Мәселен, биылғы жарты жылдың ішінде өсім 19% немесе 6,8 млн тоннаға жеткен.
Айта кету керек, мемлекеттік органдар деңгейінде арнайы штабтар құрылып, жұмыс істейді. Штабтардың отырысы апта сайын өткізіледі. Онда барлық мәселе жедел қаралып, шешімін табады.