Қазақстанда теңгелік депозиттердің үлес салмағы арта түсуде - Д. Ақышев

Оның айтуынша, жалпы депозиттердің көлемі 2016 жылдың мамыр айында 1 пайызға өсіп, 16,5 трлн. теңгені құраған.
«2016 жылдың мамыр айында ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі - 3,3 пайызға ұлғайды, ал жыл басынан бергі өсім - 35 пайызға жетті. Ал шетел валютасындағы депозиттердің көлемі керісінше төмендеп жатыр. Айталық, мамыр айында олар - 0,4 пайызға, ал жыл басынан бері - 11 пайызға төмендеді», - деді Д. Ақышев.
Сәйкесінше, депозиттердің долларлануы 2016 жылдың қаңтар айында - 70 пайызды құраған болса, мамыр айында - 59,5 пайызға дейін төмендеген.
Бұдан басқа, Ұлттық Банктің деректері бойынша, заңды тұлғаларда мамыр айының қорытындысы бойынша теңге және шетел валютасындағы депозиттер іс жүзінде теңестірілген. Яғни шетел валютасындағы депозиттердің үлесі 62,1 пайыздан 51,7 пайызға түсті. Жеке тұлғалардың салымдарына келер болсақ, шетел валютасындағы депозиттердің үлес салмағы 2016 жылғы қаңтарда - 80,1 пайыз болса, мамыр айының қорытындысы бойынша - 70,4 пайызға төмендеді.