Қазақстанда тергеуде болуына байланысты 166 бала мектепке бармайды - ҚР Білім және ғылым министрлігі

АСТАНА. 31 қазан. ҚазАқпарат - Оқу жылының басынан бері 10 және одан да көп күн бойы себепсіз мектепке бармай жүрген 258 бала анықталды, олардың 166-ы тергеуде болса, 47-і іздеуге жарияланған.

Қазақстанда тергеуде болуына байланысты 166 бала мектепке бармайды - ҚР Білім және ғылым министрлігі

Бұл туралы бүгін ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Аронованың төрағалығымен өткен «Нұр Отан» ХДП сайлауалды тұғырнамасының «Халықтың әлеуметтік әлжуаз бөлігін қолдау» бағыты бойынша өткен сарапшылар тобының отырысында ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің басшысы Бағымкүл Көптілеуова айтты.

«Облыстардың, Астана және Алматы қалалары білім басқармаларының берген мәліметтеріне қарағанда, ағымдағы жылдың 15 қазанындағы жағдай бойынша жылдың басынан бері 10 және одан да көп күн бойы себепсіз мектепке бармай жүрген 258 бала анықталды. Олардың 92-сі мектепке қайтарылды, 166-ы тергеуде болғанына байланысты мектепке бармай жүр, 47-і іздеуге жарияланған. Ал 50 оқушы оқуға деген ынтасының болмауына байланысты білім ордасына бармай отыр», - деді Білім және ғылым министрлігінің өкілі.

Б. Көптілеуова мәлім еткендей, ағымдағы жылдың 1-30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» және «Қамқорлық» акцияларының барысында 1 млн.-нан астам пәтер тексерілді.