Қазақстанда транзиттік жүк тасымалдаушылар үшін ұлттық кепілгер құрылады - Ерұлан Жамаубаев

None
Видеодан алынған кадр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда транзиттік жүк тасымалдаушылар үшін ұлттық кепілгер құрылады. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының Мәжілістегі мобильді студиясында қонақта болған Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық кепілгерді айтпас бұрын транзиттік жүк тасымалдау процесіне тоқталып өтсем. Қандай да сырт мемлекеттен транзиттік жүк тасымалы Қазақстанға кірген кезде транзиттік декларация ашылады. Сол кезде транзиттік процесс басталады. Одан кейін қандай да бір кепіл мүлік болады. Оны қамтамасыз ету деп атайды. Қамтамасыз етудің бірнеше түрі бар. Ол банктік ақшалай кепіл немесе кепіл мүлік не сақтандыру болуы мүмкін. Кепілгерлік Қазақстанда әлі дамымаған, үлесі өте аз. Кепілгерлік дегеніміз - қандай да бір жүк тасымалдаушыға басқа бір заңды тұлғаның кепіл болуы. Оны кепілгер деп айтамыз. Ұлттық кепілгер деп аталу себебі мұның қызметі басқа да Еуразиялық одақ мемлекеттер тарапынан мойындалады. Яғни, Қазақстан арқылы өтіп бара жатқан жүк тасымалдауға біздің тараптан кепілгерлік болса, онда ол басқа да Еуразиялық одақтың аумағынан өткен кезде осы кепілгердің кепілі жұмыс істейді. Демек, олар оны мойындап, Еуропаға өткізеді. Бұрын мұндай құрал болған емес», - деді Jibek Joly телеарнасының мобильді студиясында қонақта болған Ерұлан Жамаубаев.

Сонымен қатар Қаржы министрі кепілгер кімдер бола алатындығына тоқталды.

«Біріншіден, заңды тұлға болуы тиіс. Жеке тұлға кепілгер бола алмайды. Екіншіден, оның салықтық не кедендік қарызы болмауы тиіс. Сонымен қатар ол ірі компания әрі қомақты қаражаты болуы тиіс. Келісімде 5 млн еуродан басталады. Бірақ, Қазақстан үшін өтпелі кезең бар. Өтпелі кезеңде осы соманы анықтайтын өкілетті орган – Қаржы министрлігі. Біз осы сома көрсеткішін әлде қайда төмен көрсетеміз. Себебі ұлттық кепілгер аяғынан тік тұруы тиіс», - деді ол.

Оның атап өтуінше, жүк тасымалдаушы қандай да алаяқтыққа барса не жүгін дұрыс жеткізбесе, онда кепілгер өз мүлкі, қаржысы арқылы жауап береді.

«Кепілгерлік алған қандай да бір жүк тасымалдаушы үшін жеңілдіктер де бар. Олар бұрын өздерінің жүгі үшін кепіл ретінде қандай да базалық сомасын қойса, енді ұлттық кепілгер базалық сомадан кем қаржы қоя алады. Бұл дегеніңіз 20-30 пайызға жеңілдік деген сөз. Яғни, жүк тасымалдаушы кепілгермен жұмыс істесе әлде қайда жеңілдік алады. Қазір ондай кепілгерлер, әсіресе, Еуропа елдерінің ірі компаниялары бар. Бірақ, біз қаражатты оларға бергенше Қазақстанда ұлттық кепілгер құруды жөн көріп отырмыз. Егер ұлттық кепілгер құрылса, олар миллиондаған тонна жүк тасымалдаушыларға кепіл болса, онда ол жүкті тасымалдаушыларға оңтайлы әрі кепілгер ірі компания шығара аламыз. Қазақстан темір жолы мен Қазпошта компаниялары кепілгер бола алатындығын айтқан едім. Себебі олар да жүк тасымалдаумен айналысады. Сондықтан мүмкіндіктері зор, қаражаттары да бар. Сонымен қатар қажат болса мемлекет тарапынан да көмек көрсетуге дайынбыз»

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау (тасу) кезінде кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндетті орындауды қамтамасыз етуді қолданудың ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы қабылданған еді.


Соңғы жаңалықтар
telegram