Қазақстанда тіркелген 180 спорт түрінің тек 60-тан астамы ғана басым бағыт ретінде айқындалды

АСТАНА. KAZINFORM – 16 маусымда «Дене шынықтыру және спорт туралы» жаңартылған заң жобасы күшіне енді. Құжаттағы басты жаңалықтардың бірі – жоғары жетістіктер спортын іріктеудің жаңа өлшемшарттарын енгізу және «басым спорт түрлері» ұғымын заңмен бекіту. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлім етті. 

олимпиада
Фото: МОҚ

Ведомствоның дерегінше, заң талаптарына сәйкес, елімізде тіркелген 180 спорт түрінің тек 60-тан астамы ғана басым бағыт ретінде айқындалды. Бұл тізім ұлттық құрама командаларының Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Азия Пара ойындарындағы нәтижелері негізінде жасалады.

— Жаңа ереженің мақсаты — ел спортшыларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, бюджет қаражатын тиімді жоспарлау және ұлттық құрамалардың дайындығында нақты басымдықтарды анықтау, — делінген хабарламада.

Бұған дейін барлық спорт түрі үш топқа бөлініп, екі жылда бір рет рейтинг нәтижелері бойынша сараланатын. Қаржыландыру мынадай тәртіппен жүзеге асырылып келді:

«А» тобы — рейтингте жоғары ұпай жинаған, белсенді дамып жатқан спорт түрлері;

«В» тобы — орташа ұпайға ие, даму әлеуеті бар спорт түрлері;

«С» тобы — ұпайы төмен, даму мүмкіндігі шектеулі спорт түрлері.

Сондай-ақ бұған дейін әр өңір өз мүмкіндігіне қарай басым спорт түрлерін дербес анықтап, даму тетіктерін өздері әзірлейтін. Ал жаңа заңнамаға сәйкес, басым спорт түрлерінің тізімін бекіту құзыреті Туризм және спорт министрлігіне берілді. Бұл — елімізде жоғары жетістіктер спортын дамытудың кешенді және бірізді жүйесін қалыптастыруға жол ашады.

Айта кетейік, бұған дейін Президент 2025 жылғы 15 сәуірде қол қойған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес, легионерлерге бюджеттен қаржы бөлінбейтін болды. 

Соңғы жаңалықтар