Қазақстанда тіс жұлу мен оны емдеу құны қанша тұрады
Соңғы кездері елімізде стоматология қызметіне сұраныс артпаса, төмендемеді. Ел аузында амбулаторлық ем арасындағы бағасы жоғары осы сала деп айтылғанымен, тісін жұлып, емдететіндер, түзетіп, ағартатындар жетіп артылады. Қазақстанда тіс емдету, жұлдыру құны қанша тұрады? Kazinform агенттігінің тілшісі анықтап білді.
Тіс жұлдыру құны ең «арзан» өңір — Петропавл. Мұнда баға 4000 теңгеден басталады. Сонымен бірге емдету құны өзгелерге қарағанда төмен. 7 000-15 000 теңге аралығында деп көрсетіледі.
Түркістанда тіс жұлу құны 5 000 теңгеден басталады. Ал емдету 10 000 теңгеден жоғары. Өскемен, Павлодар, Қызылорда, Ақтөбе және Қонаев қалаларында тіс жұлдыру құны шамамен 5000-5500 теңге. Ал емдету жайына келер болсақ, Өскемен мен Павлодарда 6000 теңгеден басталады. Қонаевта 10 000 теңгеден басталып, қымбаттай береді. Қызылордалықтар тіс емдету үшін 15 000 теңге жұмсайды. Ал Ақтөбеде бұл қызмет түрі 20 000 теңгеден басталады.
Семейде тіс жұлу үшін стоматологияға 5500-6000 теңге (ақыл тісті жұлу 13 500 теңгеден басталады) қажет. Ал терапевт қызметі, яғни, емдеу 12 000 теңгеден басталады.
Қостанай мен Атырауда тіс жылу құны 7000 теңгеден басталып тұр. Қостанайда құрт жеген тісті емдеу үшін 12 000–27 000 теңге, Атырауда 15 000 теңге қажет.
Көкшетау, Қарағанды, Жезқазған және Талдықорғанда тіс жұлдыру құны 8000-9000 теңге тұрады. Тісті сақтап қалып, емдету Талдықорғанда 6500, Қарағандыда 9500, Көкшетауда 13 000 теңгеден басталады.
Ал жезқазғандықтар тісін 10 000 — 15 000 теңгеге емдетеді. Тараз тұрғындары үшін тіс жұлу және емдеу құны шамамен 8 000 — 20 000 теңге. Қызмет құны жұлу мен емдеудің күрделілігіне байланысты болып келеді.
Астанада тіс жұлу құны 9000 теңгеден басталады. Ал емдеу құны 14 000 — 30 000 теңге. Шымкентте жұлу қызметінің бағасы 10 000 теңге болса, емдеу 18 000 — 20 000 теңге. Мұнда да тіс жұлу мен емдеу құны күрделілігіне байланысты өзгеріп отырады.
Орал тұрғындары тісін жұлдыру үшін 10 500 теңге төлейді. Ал ем жүргізу, өз тісін сақтап қалу құны — 16 000 теңге.
Алматыда стоматологтар тісті 11 00 (ақыл тісті 17 500) теңгеге жұлып береді. Ал емдеу үшін 12 500 теңгеден басталатын қызмет түрін ұсынады.
Елімізде ең қымбат стоматологиялық қызмет түрі Ақтауда болып тұр. Мұнда тіс жұлу 15 000, ал емдеу 20 000 теңгеден басталады.
Бұған дейін хабарланғандай, келесі жылдан бастап мектептерде стоматология кабинеттері ашылады.