Қазақстанда туа бітті жүрек демікпесі бар балалардың шетінеу көрсеткішін азайтуға бағытталған бағдарлама жасалды

АЛМАТЫ. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Қазақстанда жыл сайын 3000-нан астам бала туа бітті жүрек ақауымен дүниеге келеді. Оның 10-15 пайызы ғана бір жасқа дейін өмір сүреді. Сол себепті, қазіргі уақытта аурудың алдын алуға арналған сапалы перинаталды диагностикалау қажеттілігінің уақыты жетті.
None
None

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында №1-ші қалалық перзентхананың реанимация бөлімінің меңгерушісі Сұлушаш Сасаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, дер кезінде перинаталды диагностикалау мен операция арқылы түзеу және клиника жағдайындағы жақсы күтім баланы аман-есен алып қалуға мүмкіндік береді. "Ондай пациенттердің басым бөлігі емделгеннен кейін әлеуметтік өмірге бейімделіп, шамамен 60 пайызы дерлік сауығып кетеді", деді ол.

"Дом" қоғамдық қоры мен «Мэри Кэй (Қазақстан)» компаниясы және №1-ші қалалық перзентхана мен бастамашыл дәрігерлер тобы туа бітті жүрек ақауымен дүниеге келген балалардың өлімін азайтуға бағытталған бағдарлама жасады. "Дом" қоғамдық қорының директоры Аружан Саинның айтуынша, бұл бағдарлама - ең алдымен, ерікті дәрігерлердің бейресми, мемлекеттік емес "Ерікті дәрігерлер" бірлестігін құру болып табылады.

"Бұл бірлестік өз мамандығы аясында дертке ұшыраған балаларға көмек көрсетіп, дер кезінде диагностика жасауға, емдеуге және тағы да басқа медициналық көмек алуларына жәрдемдесіп, балалар үшін барлық күш-жігерін салатын болады", деді Аружан Саин.

Оның айтуынша, бағдарлама аясында қор №1-ші қалалық перзентхананың УДЗ-дің екі маманы мен бір кардиолог-неонатологты биылғы жылдың қыркүйегі мен келесі жылы ақпан айында шетелдік клиникаға оқуға жібермекші. "Барлық шығындарды біздің қор өз мойнына алады. Сонымен қатар, біздің бағдарламаның демеушісі «Мэри Кэй (Қазақстан)» компаниясы №1-ші перзентханаға шұғыл қажетті диагностикалық жабдықтарды, нақтырақ айтқанда УДЗ «Mindray DC-3» сканерді сыйға тартады. Бұл жабдықтың көмегімен ана құрсағында жатқан балада туа бітті жүрек ақауы бар-жоғын анықтауға болады. Диагностикалау тегін жүргізілетін болады. Бұл орайда, жабдықты ұсынған «Rusema» ЖШС-нің үлкен жеңілдіктерді ұсынғандығын атап өткім келеді. Балаларды құтқару мәселесінде коммерциялық мүдде екінші қатарға шығып қалатындығын дәлелдейді", деп атап өтті Аружан Саин.

Ол сондай-ақ, жаңа туған балаға Қазақстанда операция жасау мүмкін болмаған жағдайда Томск және Новосібір ғылыми зерттеу институттарымен байланыс орнатылатындығын хабарлады. "Әйелдерге кеңес беру мекемелерінің мамандарын, неанотологтарды және балалар кардиохирургтарын ақпараттандыру және оқыту келесі жылдың ақпан айына дейін жүргізілетін болады. Жүкті әйелдер БАҚ-ы мен кеңес беру кабинеттері арқылы ақпарат ала алады", деді ол.

ҚР Балалар хирургиясы және педиатрия ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері, кардиохирург Гүлжан Сәрсенбаеваның айтуынша, бұл бағдарлама елімізде жұмыс істеуі керек. "Егер біз баланың құрсақта жатқан кезінде бұл аурудың бар-жоғын анықтап, арнайы шараларды қолдансақ, қазақстандық балалардың бұл қауіпті дерттен өлім деңгейі азаяр еді", деп атап өтті ол.

Соңғы жаңалықтар