Қазақстанда туберкулезді емдеу мерзімі қысқарды
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 6 айда елімізде 8633 адам профилактикалық ем алды, оның ішінде 55% - балалар, 45% - ересектер. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры, Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас фтизиатр-дәрігері Мәлік Әденов мәлім етті.

- Туберкулез инфекциясын профилактикалық емдеудің жаңа тиімді режимі енгізілді, яғни «Рифапентин» препаратын қолдана отырып 6 айдан 1-3 айға дейін қысқарады. Биыл 6 айда 8633 адам профилактикалық ем алды, оның ішінде 55% балалар, 45% ересектер. Осылайша, (ДДҰ стандартына кемінде 90% қол жеткізілді) профилактикалық ем 93 пайыз тиімділігін көрсетті. Туберкулез инфекциясын профилактикалық емдеу, әсіресе туберкулезге шалдығу қаупі жоғары топтар арасында аурудың белсенді түрінің таралуын және дамуын болдырмау жолында шешуші рөл атқарады, - деді Мәлік Әденов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, Қазақстанда туберкулезді емдеу, диагностикалау тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін жүргізіледі.
- Одан бөлек туберкулез дертінен инъекциялық препараттарды қолданбай тиімді емдеу режимі бар. Сол сияқты аталған дертті көп дәрі-дәрмекпен емдеу мерзімі 24 айдан 9-12 айға дейін қысқартылды. Претоманид (BPaL/BPalM) препаратын қолдана отырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған дәріге төзімді туберкулезді емдеудің жаңа режимін енгізу бойынша пилоттық жоба іске асып жатыр, ол бойынша емдеу мерзімі 6 айға дейін қысқартылады, - дейді ведомство өкілі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл алты айда елімізде туберкулез дертінен өлім-жітім 20 пайыз төмендеді.
Ал биыл наурыздағы есеп бойынша елімізде туберкулезден өлім-жітім 50 пайыз азайған.
Сондай-ақ елімізде 158 мыңға жуық нәрестеге туберкулезге қарсы вакцина егілді.
Айта кетейік, АҚШ ғалымдары туберкулезге қарсы күресте үлкен жетістікке жетті.