Қазақстанда туған Кәмила Алаш Miss France – 2027 тәжіне таласады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда дүниеге келген 24 жастағы Кәмила Алаш Франциядағы бас сұлулық байқауы — Miss France — 2027 тәжін сарапқа салады.
Кәмила ұлттық финалға жолдаманы қыркүйек айында жеңіп алған. Ол Париж қаласы мен оған іргелес аумақтарды қамтитын Иль-де-Франс өңірінде өткен «Miss Île-de-France» байқауында топ жарған. Енді ол ұлттық деңгейде осы өңірдің намысын қорғайды.
Финалистің Қазақстаннан шыққаны туралы француздың Gala басылымы жазды. Ал Кәмиланың өзі әлеуметтік желідегі парақшасында қазақ тамырымен мақтанатынын атап өткен.
Қараша айында Miss France — 2027 байқауының 31 финалисіне арналған дайындық кезеңі Кариб теңізіндегі Сен-Мартен аралында өтті. Сол жерде түсірілген видеоларының бірінде Кәмила көгілдір көйлек киіп, оқырмандарына Қазақстанның бас рәміздері туралы айтып берген.
Басылымның жазуынша, Иль-де-Франс өңірінің жаңа елшісі атанған Кәмила сүт безі қатерлі ісігімен күрес мәселесіне қоғам назарын аударуды мақсат етеді.
Сен-Мартен аралында финалистердің ресми жағажай фотосессиялары, шешендік өнер және сахнада жүріп-тұру шеберлігі бойынша сабақтары өтті. Сондай-ақ олар жалпы білім деңгейін тексеретін міндетті сынақтан өтті.
Кәмила тропикалық аралдағы әсерлі суреттерін әлеуметтік желіде бөлісті.
Miss France — 2027 байқауының финалы 2026 жылғы 12 желтоқсанда Пуатье қаласының маңындағы «Футуроскоп» аренасында өтеді.
Желі қолданушылары Кәмиланың өмірбаянына жиі қызығушылық танытады. Ол да балалық шағындағы суреттері мен туған жері туралы естеліктерін оқырмандарымен бөлісіп тұрады.
Модельдік карьерасымен қоса, Кәмила журналистика факультетінде білім алып жүр. Сондай-ақ ол көп жылдан бері үлкен тенниспен айналысады және Халықаралық теннис федерациясының (ITF) тізілімінде тіркелген.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық ару Miss Universe байқауында 4,5 метрлік алтын қанат образымен көптің назарын аударғанын жазғанбыз.