Қазақстанда тұрақты стартап-экожүйе қалыптасып келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда инновациялық инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

стартап
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Министрдің айтуынша, Astana Hub бүгінде еліміздің 20 өңірінде өкілдіктерін ашты. Сонымен қатар қазақстандық стартаптарды жаһандық нарыққа шығару мақсатында шетелде де кеңею жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— Қазіргі уақытта АҚШ-тағы Кремний алқабында, Сауд Арабиясында, Ұлыбританияда (Лондон), Сингапурда және Қытайда (Шанхай) халықаралық инновациялық хабтар ашылды, — деді Жаслан Мадиев.

Жаслан Мәдиев
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Сонымен қатар ол өз сөзінде 2 қазанда, digital bridge форумының аясында «Álem AI» халықаралық жасанды интеллект орталығының ресми ашылуы өтетінін атап өтті.

— Жаңа орталық таланттар, ғалымдар, кәсіпкерлер мен серіктестерді біріктіретін бірегей алаңға айналады. Біз бұл экожүйені мектеп жасындағы балалардан бастап ірі халықаралық корпорацияларға дейін қамтитын тұтас тізбек ретінде қарастырамыз. Бұл — әлемде теңдесі жоқ жоба, — деді Жаслан Мәдиев.

Жалпы ауданы 22 мың шаршы метрді құрайтын орталық сегіз қабаттан тұрады. Мұнда қоғамдық кеңістік, IT-білім беру бағдарламалары, жасанды интеллект мектебі, сондай-ақ әлемдік компаниялардың зертханалары орналасады.

Астана Open Dialogue
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Қазірдің өзінде Google, Telegram, Adobe және бірқатар жергілікті компаниялармен зертханалар ашу туралы келісімдер жасалған. Ал жоғарғы қабатта мемлекет, бизнес және ғылым өкілдері жасанды интеллектіні экономика салаларына енгізу бойынша бірлесіп жұмыс істейтін болады.

Бұған дейін Астана IT-компаниялардың жаңа орталығына айналып жатқанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар