Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу үшін сұхбаттасу тәртібі өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда тұрақты тұру үшін елге келген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдармен сұхбат жүргізу тәртібі өзгерді. Енді визасыз режим қолданылатын мемлекеттердің азаматтарымен сұхбатты арнайы комиссия өткізеді.

тест
Фото: Freepik

Тиісті өзгерістер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер және Цифрлық даму министрлерінің бірлескен бұйрығында жазылған.

Жаңа тәртіпке сәйкес, сұхбатты иммигрант тұрақты тұруды жоспарлаған өңірдегі халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласына жауапты жергілікті атқарушы орган өткізеді. Өтініш беруші сауалнаманы портал арқылы толтырғанда өзі тұрақты тұратын өңірді көрсетеді.

Ал визасыз режим қолданылатын мемлекеттердің азаматтары үшін арнайы комиссия құрылады. Оның құрамына халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту, мәдениет және ішкі саясат салаларына жауапты жергілікті атқарушы органдардың, ішкі істер органдарының, сондай-ақ білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің аумақтық департаменттерінің өкілдері кіреді.

Комиссия құрамында кемінде бес адам болуы керек. Құжаттарды алған соң жергілікті атқарушы орган оларды бір жұмыс күні ішінде комиссияға жолдайды. Сұхбаттасу бес жұмыс күні ішінде өткізіледі.

Сұхбатты бетпе-бет немесе қашықтан өтуге болады. Оның өткізілетін күні, уақыты, форматы мен орны туралы ақпарат өтініш берушінің жеке кабинетінде көрсетіледі. Онлайн сұхбаттасу кезінде бейнебайланыс арқылы жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін мессенджерлер мен басқа да байланыс құралдары пайдаланылуы мүмкін.

Сұхбаттасу қорытындысы бойынша комиссия Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат беру және қандас мәртебесін алу жөніндегі мемлекеттік қызметтерді одан әрі алуға жол беру немесе бас тарту туралы ұсыным шығарады. Бұл ретте шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Комиссия отырысы мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда ғана заңды деп есептеледі.

Ал визалық режим қолданылатын мемлекеттердің азаматтары үшін тәртіп өзгеше. Олар Қазақстанның шетелдегі мекемелерінде B8 және C1 санатындағы визаларды рәсімдеу кезінде сұхбаттасудан өтеді.

Өзгерістер қандас мәртебесін беру тәртібіне де қатысты. Енді өтініш бергенде қандастар мен олардың отбасы мүшелері дербес деректерді, оның ішінде банк құпиясына жататын мәліметтерді, кредиттік берешек сомасын, ай сайынғы төлемдер мен мерзімі өткен міндеттемелер туралы ақпаратты жинауға және өңдеуге келісім беруі қажет.

Сонымен қатар, қандас мәртебесін жоюдың жаңа негізі енгізілді. Егер қандас мәртебесін алғаннан кейін үш айда Үкімет айқындаған қоныстану өңірлерінде тұрақты тұруға рұқсат алуға өтініш бермесе, оның қандас мәртебесі жойылуы мүмкін.

Төлем қабілетін растауға қатысты талап та нақтыланды. Егер Қазақстан азаматтығын алғанға дейінгі бес жылда банк шотында тұрған қаражаттың бар екені расталмаса, қандас мәртебесі жойылуы мүмкін.

Өзгерістер тұрақты тұруға рұқсат алу үшін қажетті құжаттар тізіміне де енгізілді. Атап айтқанда, сұранысқа ие мамандық иелеріне, елдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан адамдарға, басым жобаларға қатысушылар мен инвесторларға қойылатын талаптар жеке көрсетілген.

Айта кетейік, Қазақстан көші-қон жүйесін еңбек нарығының сұранысына бейімдеп жатыр.