Қазақстанда тұрғын үй құрылысы қарқын алады

Соның бірі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету болатын. Мемлекет басшысы Үкіметке бірыңғай «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуді, оған қазіргі қолданыстағы бағдарламалардың барлық мәселесін кіріктіруді тапсырып, қандай мәселелер ескеру керектігін де айтып берген-ді. «Жаңа бағдарламада мына мәселелерді ескеру керек. Тұрғын үй құрылысын тікелей қаржыландырғаннан гөрі жекеменшік құрылысшыларды ынталандыру ісіне баса ден қойған жөн. Мемлекет олардың тұрғын үй салу кезіндегі шығындарын азайтып, өз ресурстарын инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдар әзірлеуге жұмылдыруы керек. Бұл бюджеттен қаржыландырудың үлесін азайтып, жеке инвестицияны көбірек тартуға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ төлемге мүмкіндігі бар тұрғындардың сұранысын ынталандыру керек. Коммерциялық банктердің ипотекалық несие беруін жандандырып, пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қоса өзге де арзандату шараларын ойластыру қажет», деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осыдан кейін жедел іске кіріскен Үкімет «Нұрлы жол» біріктірілген мемлекеттік бағдарламасын әзірлеп Елбасына да таныстырды. Алайда, Мемлекет басшысының тарапынан туындаған ескертулерге байланысты қайта пысықталуда. Бұл іске тіпті Парламент депутаттары да араласып өз ұсыныстарын беріп жатыр. Бағдарлама алдағы жылдың басында Үкіметтің отырысында қайта қаралып, қабылданатын болады.
Жалпы, бүгінде елімізде тұрғын үй құрылысының қарқыны жылдан-жылға белең алып келе жатқандығы байқалады. Мәселен, 2009-2015 жылдары аралығында республика бойынша тұрғын үй құрылысының көлемі 6,4 млн. шаршы метрден 8,9 млн. шаршы метрге дейін өсті. 2016 жылдың қорытындысында пайдалануға берілетін тұрғын үйдің көлемі 9,6 млн. шаршы метрге жетеді деген болжам бар.
Енді жаңа бағдарламаға келер болсақ, ол негізінен 5 бағытта жүзеге асырылады. Атап айтқанда, ең біріншіден, ипотекалық қарыздарды субсидиялау арқылы ипотекалық кредит беруді қолдау қолға алынады. Екіншіден, құрылыс компаниялары үшін қарыздарды жабу жолымен жеке құрылыс салушыларды ынталандыру көзделеді. Үшіншіден, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары және әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтар үшін «револьверлік» қағидат бойынша кредиттік тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайтылатын болады. Төртіншіден, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің өңірлік қорын құру жүргізіледі. Бесіншіден, мемлекеттің жер учаскелерін беруі арқылы жеке тұрғын үй құрылысын дамыту қолға алынады.
Бағдарламаның басым бағыттарына жеке-жеке тоқталар болсақ, ипотекалық кредит беру нарығын жандандыру мақсатында азаматтарға екінші деңгейдегі банктер беретін ипотеканың пайыздық ставкасының бір бөлігін мемлекеттің субсидиялау арқылы халықтың сұранысын ынталандыру көзделеді. Бұл ретте түпкілікті қарыз алушының ипотекасын 10 пайызға дейін төмендету үшін мемлекет сыйақы құнының 7 пайызына дейін жабуды қамтамасыз етеді. Бүгінгі күні осы мақсатқа 2017 жылға арналған республикалық бюджетте 10 млрд. теңге көзделген. Бұл 120 млрд. теңге сомасында жеңілдікті ипотекалық қарыз беруге мүмкіндік береді. Субсидиялар бойынша қаражатты тиімді пайдалану үшін Астана және Алматы қалаларындағы халыққа кредит берудің шекті сомасы 20 млн. теңгеге дейін, өңірлерде 15 млн. теңгеге дейін деп белгіленетін болады. Осындай шартпен ипотека беру кезінде кредит бойынша ай сайынғы орташа төлем Астана және Алматы қалаларында 158 мың теңге, өңірлерде 116 мың теңге болады.
Ал жеке құрылыс салушыларды қолжетімді кредиттік ресурстарды пайдалануға ынталандыру үшін мемлекет банктер беретін кредиттер бойынша пайыздық ставкалардың бір бөлігіне субсидия береді. Бұл ретте нарықтық конъюнктураны есепке ала отырып, құрылыс салушылар үшін еркін түпкілікті ставканы белгілеу және екінші деңгейдегі банктердің жылына ставкасы 17 пайыздан артық емес кредиттері бойынша субсидиялаудың тіркелген ставкасын 3 жылдың ішінде 7 пайызға дейін деп белгілеу орынды болмақ.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларын және әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтарды одан әрі кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында бұрын бөлінген қаражат есебінен «револьверлік» қағидат бойынша кредиттік тұрғын үй салу жалғасады. Осы мақсатта «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның 180 млрд. теңге мөлшеріндегі қаражаты әкімдіктерге бөлінеді. Бұдан басқа, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның 2016 жылғы 97 млрд. теңге мөлшеріндегі қаражатын кредиттік тұрғын үй салуға қайта бөлу қолға алынады. Тұрғын үй салуға бөлінген қаражат айналымын қамтамасыз ету үшін жыл сайын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 24 млрд. теңге бөлініп отырады. Бұл банктің салымшыларына төмендетілген пайыздық ставкамен тұрғын үйді өткізуге мүмкіндік береді.
Нәтижесінде 15 жылдың ішінде 12,0 млн. шаршы метр тұрғын үй салынады, бұл 202 мың отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етеді.
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің өңірлік қорын құру үшін 2017 жылдан бастап жыл сайын республикалық бюджеттен 25 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Салынған жалға берілетін тұрғын үйлер жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналған.
Сонымен қатар облыс орталықтарында жеке тұрғын үй құрылысын дамыту үшін жаңа ілкі тәсіл қолданылады. Оның негізгі міндеттері мынадай: бірыңғай құрылыс салушы арқылы бірыңғай сәулеттік стильде жеке тұрғын үй салу; үй құрылысы комбинаттарының технологияларын қолдану арқылы тұрғын үй құнының қолжетімділін қамтамасыз ету; кезекте тұрған азаматтарға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен жеңілдікпен қарыз беру арқылы олар үшін жеке тұрғын үй құрылысын қаржыландыру.
Ілкі жобаға қатысушы кезекте тұрған азаматтар жер учаскесімен бірге және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілген дайын үйді өздері сатып алуға немесе үйді сатып алу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен кредит алуға құқылы. Бүгінгі күні Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өзінің меншікті қаражаты және қарыз қаражатының есебінен 70 млрд. теңгеге дейін қарыз беруге дайын. Түпкілікті қарыз алушының қарыз бойынша сыйақысының мөлшерін 5 пайызға дейін төмендету үшін мемлекет ипотекалық кредит беруді қолдау бағытының аясында сыйақы құнының 7 пайызына дейін субсидия беретін болады. Осы тәсіл бойынша кезекте тұрған азаматтар үшін ай сайынғы төлем алғашқы 5 жылда 70 мың теңгені, кейінгі 10 жылда 56 мың теңгені құрайтын болады.
Бағдарламаны іске асырудың нәтижесінде ішкі жалпы өнімді 7,7 пайыздық тармаққа өсіру қамтамасыз етіледі. Жыл сайын құрылыста және экономиканың аралас салаларында шамамен 25 мың жаңа жұмыс орны құрылып, қосымша салықтық түсімдер шамамен 531 млрд. теңгені құрайтын болады.