Қазақстанда түрмелерден босап шыққандарға әлеуметтік көмек көрсететін қорлар құру керек - А. Самақова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдарға әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі қорлар құру мәселесін қарастыру маңызды. Бүгін Мәжілісте «Нұр Отан» фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің отырысында депутат Айткүл Самақова осы мәселені көтерді.

Депутаттың пайымынша, жалпы алғанда қылмыстық жаза сотталушылардың агрессияшылдығын арттырады.

«Сондықтан да, босап шыққандардың қайтадан жаңа қылмыстар жасауға бармауы үшін оларды әлеуметтік бейімдеу, қылмыс жасап, жазасын өтеген адамдарды қоғаммен ықпалдастыру мейлінше қажет. Өйткені, ұзақ уақыт бойы жазасын өтеген олар мүлдем басқа адам болып оралады, сотталғанға дейінгі тұлғаға мүлдем ұқсамайды. Олар жаңа қоғамда неден бастарын білмей, бастары қатып адасып та жатады. Шындығында, қазіргі күні өкінішке қарай сотталғандардың басым бөлігі қайтадан адасып жатыр. Осылайша, біз адамдарды жоғалтып жатырмыз», - деді А. Самақова.

Бұл ретте депутат бүгінгі таңда сотталып шыққандардың жұмысқа орналасу проблемасына да назар аударып өтті. Оның сөзіне қарағанда, қазір түрмеден шыққандар үшін жұмыс табу қиын, табылған күннің өзінде жұмыс берушілердің өзі сотты болғандарды қабылдаудан тартыншақтайды. Сондықтан да депутат сотталушылар өздерінің жазасын өтеу мерзімі барысында арнаулы орта білімге ие болып, қажетті мамандыққа даярлықтан өтуі тиістігін жеткізді.

«Менде бар мәліметтерге қарағанда, сотталғандардың тек жартысы ғана кәсіптік білім алады, ал қалғандары құр уақыт өткізеді. Міне, сондықтан да мемлекеттік органдар осы мәселеге назар аударулары керек. Түрмеден босап шығатындар қоғамға бейімделіп, жұмыс істеуге ыңғайланып шығуы тиіс», - деді депутат Самақова.

Соңғы жаңалықтар