18:57, 15 Мамыр 2025 | GMT +5
Қазақстанда тұрмысы төмен отбасылардан шыққан оқушыларға көмек көрсету қағидалары өзгерді
АСТАНА. KAZINFORM - Үкіметтің 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысына сәйкес, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан білім алушыларға қаржылай және материалдық көмек көрсету тәртібі жаңартылды.

Құжатқа сәйкес, көмек келесі санаттағы балаларға көрсетіледі:
- мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар;
- АӘК алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз отбасылардағы балалар;
- отбасында тұратын жетім балалар мен ата–анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- төтенше жағдай нәтижесінде жедел көмек қажет ететін отбасылардан шыққан балалар;
- сондай-ақ білім беру ұйымдарының алқалық органдары айқындайтын өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілер.
Бөлінген бюджет қаражаты мынадай мақсаттарға бағытталады:
- киім, аяқ киім мен оқу құралдарын сатып алу;
- білім беру ұйымында бір реттік ыстық тамақ ұйымдастыру;
- қаржылай көмек көрсету;
- оқушылардың мәдени-көпшілік және спорттық іс-шараларға қатысуын қамтамасыз ету;
- жалпы білім беретін пәндер бойынша қосымша сабақтар ұйымдастыру.
Сондай-ақ, толығырақ ақпаратпен қаулы мәтінінен танысуға болады.
Бұған дейін, Үкіметте кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша кеңес өткенін хабарлағанбыз.