Қазақстанда UFC турнирі қашан өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда UFC турнирін өткізу мәселесі бойынша жыл басынан бері бірнеше келіссөз жүргізілген. Нақты шешім 2027–2028 жылдары турнирді ұйымдастыру мүмкіндігіне қатысты ай соңында жарияланады. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистердің сұрағына жауап бере отырып мәлімдеді.
Бұған дейін әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында UFC өкілдерінің Қазақстанға келіп, келіссөздер жүргізгені туралы ақпарат тараған еді. Министрдің айтуынша, халықаралық лига өкілдерімен жұмыс кездесулері өтіп, келіссөздер белсенді түрде жалғасып жатыр.
– Жыл басынан бері UFC бойынша бірнеше келіссөз жүргіздік, нақты жұмыс кездесулері өтті. Қазір келіссөздер белсенді жүріп жатыр. Айдың соңында UFC турнирін 2027–2028 жылдары өткізу мәселесі бойынша қандай шешімге келгенімізді толығырақ жариялаймыз. Барлық жұмыс атқарылды, айдың соңында оның қорытындысын қосымша хабарлаймыз, – деді Ербол Мырзабосынов.
Әзірге UFC турнирін Қазақстанның қай қаласында өткізу жоспарланып отырғаны нақтыланған жоқ. Министр бұл мәселе бойынша да қосымша ақпарат ай соңында белгілі болатынын айтты.
Бұғн дейін Шавкат Рахмонов қаңтардағы UFC турниріне қатыспайтынын жазғанбыз.