Шавкат Рахмонов қаңтардағы UFC турниріне қатыспайды — менеджер
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық UFC шебері Шавкат Рахмоновтың өкілі Дэниел Рубенштейн «Nomad» пен бұрынғы аустралиялық чемпион Джек Делла Маддалена арасындағы жекпе-жек туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Sports.kz сайты жазды.
Шетелдік БАҚ-та Рахмонов пен Делла Маддалена арасындағы жекпе-жек қаңтар айында жоспарланып жатқаны хабарланған болатын. Дегенмен, Рубенштейн мұндай жекпе-жек тіпті талқыланбағанын айтады.
— Бұл мүлдем шындыққа жанаспайды. ДДМ қарсылас ретінде аталған жоқ, ал Шавкат қаңтарда октагонға оралмайды, — деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Бұған дейін желіде Шавкат Рахмонов пен Майкл Моралес арасындағы жартылай орта салмақтағы жекпе-жек өтуі мүмкін екені туралы хабар тараған. Екі спортшының да рекордтары 19-0.
Нұрлан Тұяқов