Қазақстанда UFC турнирін өткізуге лайық екі арена аталды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан ММА федерациясының президенті Сағындық Мекеев елімізде алғаш рет UFC турнирін өткізуге қолайлы екі спорт нысанын атады, деп хабарлайды Sports.kz.
Оның пікірінше, UFC турнирін Алматыдағы «Алматы Арена» немесе Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде ұйымдастыруға болады.
– Мұндай екі арена бар. Олар – Алматыдағы «Алматы Арена» мен Астанадағы «Барыс Арена». Бұл UFC турнирін өткізуге ең қолайлы әрі ықшам екі арена. Әрине, олар 20 мың көрерменге арналған стадион емес. Бірақ шамамен 12 мың орынға партердегі қосымша 2-3 мың орынды қоссақ, менің ойымша, бұл жеткілікті, – деді Сағындық Мекеев.
Федерация басшысы аталған екі нысанның да халықаралық деңгейдегі аралас жекпе-жек турнирін қабылдауға мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстанда UFC турнирін 2027-2028 жылдары өткізу мүмкіндігі талқыланып жатқанын мәлімдеген еді. Келіссөздердің қорытындысы қараша айының соңында жарияланады.