Қазақстанда ҮИИД МБ аясында мамандар даярлауда ЖОО-ның оқытушылық құрамы күшейтіледі

Яғни 10 ЖОО аталған бағдарлама бойынша мамандар дайындауға кіріседі. Осы мақсатта қажетті қаржы бөлініп, жаңа білім беру бағдарламалары жасалып, сондай-ақ материалдық база мен оқытушылық-профессорлық құрам күшейтілетін болады.
Белгілі болғандай, университеттер Үкіметтің шешімі бойынша таңдалып алынады. Қазір бірқатар университеттер алғашқы іріктеу кезеңінен өту үшін дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл тұрғыда жоғары оқу орындарының нақты тізімі бекітіледі.
Бұдан бөлек, қыркүйек айында өткен брифингте Білім және ғылым вице-министрі Таһир Балықбаев жоғары оқу орындарының студенттері 2-ші курстан бастап міндетті түрде өндірістік тәжірибеден өтетінін айтты.
Жоғары оқу орындарындағы студенттердің практикалық дайындығы үлкен мәселелердің бірі болып отырғанын баса айтқан ол: «Сол себепті екінші курстан бастап міндетті түрде өндірістік тәжірибеден өтуді бекіту ұсынылып отыр. Бұл тәжірибені тек қана өндірістік еңбекпен ғана бекіту емес. Сонымен бірге біздің өндірістерде соны өтудің және арнайы келісімшарт жасаудың ережелері кеңінен бекітілетін болады», - деді.