Қазақстанда Үнді мәдениетінің апталығын өткізу үшін Делиден бас аспаздар командасы шақырылды
Осыған орай Делиден үнді асханасының білгірі, аспаздық телешоудың танымал жүргізушісі Марут Сикка бастаған бас аспазшылар командасы арнайы шақырылып отыр. Аспаздар экзотикалық асхана әуесқойларына Астанада - қыркүйектің 8-і мен 12-сі аралығында, Алматыда - қыркүйектің 12-сі мен 18-і аралығында дәм ұсынады.
«Астана мен Алматыда үнді мәдениеті мен асханасының апталығын өткізу Үндістан мен Қазақстанның арасындағы қатынастарды әрі қарай нығайтуға, тамаша үнді асханасының көмегімен өзара ұғынысуға және ынтымақтасуға сеп болады», - деді Үндістанның Қазақстандағы Елшісі Ашок Саджанхар сейсенбі күні Астанада Үнді асханасы күндерінің ашылу рәсімінде.
М.Сикка журналистерге берген сұхбатында, қазақстандық гурмандарға атақты карри, күріштен жасалған тағамдар, үндінің наны, сондай-ақ еттің түр-түрлері ұсынылатынын айтып берді. Ас мәзіріне доңыз еті кірмейді, себебі М.Сикка туып-өскен Үндістанның солтүстік штаттарында негізінен мұсылмандар қоныстанған.
«Үнді асханасының қазақтардан айырмашылығы сол, ол өте ащы, себебі оған көптеген түрлі дәмдеуіштер қосылады. Тіпті үнділердің өзі ұлттық тағамдары туралы бәрін біле бермейді, дегенмен бүкіл әлемде үнді асханасы жоғары бағаланады», деп атап көрсетті М.Сикка өз сұхбатында.