Қазақстанда үш айда 74,8 млн мемлекеттік қызмет көрсетілген

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелері Астана қаласындағы №1 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысына қоғамдық мониторинг жүргізді.

Қазақстанда үш айда 74,8 млн мемлекеттік қызмет көрсетілген
Фото: Kazinform

Мониторингтің негізгі мақсаты мемлекеттік қызметтердің көрсетілу барысымен танысу, азаматтарға қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен тиімділігін бағалау, сондай-ақ қызметтердің электрондық форматта ұсынылу үдерісіне қоғамдық бақылау жүргізу болды.

Іс-шара барысында Қоғамдық кеңес мүшелері өтініштерді қабылдау және дайын құжаттарды беру тәртібімен, «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету тетіктерімен, қызмет көрсету залдарының жұмысымен және азаматтарға цифрлық қызметтерді ұсыну тәжірибесімен танысты.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы өкілдерінің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында азаматтарға 74,8 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде орталық мемлекеттік органдар арқылы 54,9 миллионнан астам, жергілікті атқарушы органдар арқылы 19,9 миллионнан астам қызмет ұсынылды. Ал Мемлекеттік корпорация арқылы 3,9 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілген.

Қазіргі уақытта халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы ең көп сұранысқа ие қызметтердің қатарында жеке басты куәландыратын құжаттарды рәсімдеу және ауыстыру, көлік құралдарын тіркеу және есептен шығару, жүргізуші куәліктерін беру, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу және басқа да әлеуметтік маңызы жоғары қызметтер бар.

«2026 жылдың бірінші тоқсанында азаматтарға 74,8 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Қоғамдық мониторингтің мақсаты – қызмет көрсету сапасын бағалап қана қоймай, азаматтардың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін арттыруға ықпал ету. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты негізде жалғасады», – деп атап өтті іс-шараға қатысушылар.

Мониторинг барысында халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлеріне «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңның негізгі жаңашылдықтары түсіндірілді. Атап айтқанда, азаматтарға қызмет көрсету кезінде клиентке бағдарланған мінез-құлық моделін ұстану, өтініштерді қарау барысында формалды негіздер бойынша негізсіз бас тартуға жол бермеу және мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі тиімді көрсету қағидаттарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, мемлекеттік қызметтердің сапасын қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері тұрақты бақылауда. Осы бағыттағы жұмыстар аясында әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын азаматтардың пікірлері мен өтініштері жүйелі түрде зерделеніп отырады.

Мәселен, Ақтау, Алматы және Шымкент қалаларындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына қатысты жарияланған сыни материалдар мен азаматтардың шағымдарына талдау жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылданған.

Қоғамдық мониторинг қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына мемлекеттік қызмет көрсету сапасын одан әрі арттыру, азаматтарға қолайлы жағдай жасау және қызмет көрсету үдерістерін жетілдіру бағытында бірқатар ұсыныс енгізді.

Айта кетейік, Атырауда ХҚО-да құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр.