Қазақстанда үш тілділік білім беруді енгізудің мәні халықтың қазақ тілін жаппай меңгеруіне негізделіп отыр - Е. Сағадиев

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев үш тілді білім берудің басты маңызы Қазақстан халқына қазақ тілін жаппай игеруге негізделгенін мәлімдеді.

Қазақстанда үш тілділік білім беруді енгізудің  мәні  халықтың қазақ тілін жаппай меңгеруіне негізделіп отыр - Е. Сағадиев

«Не үшін үш тілдікті дамыту керек? Бүгінде білімнің, ғылымның, ақпараттың болашағы, сондай-ақ ұлттық қабілеттілігі ағылшын тілін білуге байланысты екеніне күмән жоқ. Тілді меңгеруді мектептен бастау керек. Осы ретте біртіндеп білім деңгейін жоғарылатып, жоғары сыныптарда пәндік оқуға көшу керек. Дегенмен де Қазақстанда үш тілділік білім беруді енгізу мән-жайының ең маңызын түсіну керек, яғни бұл қадам тұрғындардың қазақ тілін жаппай меңгеруіне басымдық береді. Қазақ тілін меңгерудің басымдығы болған және бола береді», - деп тоқталды министр.

Сондықтан Е. Сағадиев барша мектептерде қазақ тілі мен әдебиетінен бөлек, жоғары сыныптарда міндетті түрде Қазақстан тарихы мемлекеттік тілде жүргізілетінін атап өтті.

Сонымен қатар министр қазақ тілін оқыту әдістемесінде кемшілік бар екенін айта келе, бұл бағытта жұмыстар жүзеге асырылатынын жеткізді.

Мұнымен қоса ведомство басшысы биылғы 1 қыркүйектен бастап ешкім де пәндік үш тілділікті енгізбейтінін атап өтті. Тілдерді балалар оқиды, алайда пәндер өз тілдерінде жүргізіледі. Бағдарламаға сәйкес, тек 10 мен 11-сыныптарда және 2019 жылдан бастап, яғни тек үш жылдан кейін тек төрт пән ағылшын тілінде жүргізіледі. Атап айтқанда, химия, физика, биология, информатика ағылшын тілінде оқытылады, бұл тұрғыда аптасына 8 сағат қамтылады.