Қазақстанда ұшқышсыз аппараттар құрастырылды
Осы уақытқа дейін Қазақстан ғарыш сапары жерді қашықтан зондау жүйесін іске қосып, ғарыштан сурет түсіретін екі жер серігін ұшырды. Осының арқасында сан алуан мемлкеттік органдар үшін 12 мыңнан астам фотосурет жасалды. Олардың ішінде Қорғаныс министрлігі, төтенше жағдайлар, автомобиль жолдары, азаматтық авиация комитеттері, Энергетика министрлігі, прокуратура, шекара қызметі, тіпті есірткі бизнесіне қарсы күрес департаменті де бар. Ендігі кезекте «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы ұшқышсыз аппараттарды құрастыру жұмысын қолға алды. Себебі ондай аппараттарға көп шығын кетпейді. Оған қоса, жоғары сапалы суреттерді жерге жақын қашықтықтан түсіруге мүмкіндік бар.
«Енді, кейбір адамдар дүкенде октокоптер, квадрокоптер сияқты қытайлық аппараттар толып тұр ғой деп айтуы әбден мүмкін. Бірақ оның барлығы - шағын құрылғылар. Сосын ондағы құрал-жабдықтар бізге қажетті жұмысты орындай алмайды. Ал біздің мамандар құрастырған аппараттарда үш бірдей камера орнатылған. Екеуі жоғары дәлдігі бар камера болса, үшіншісі - инфрақызыл камера. Міне, осындай қуаттылықтың арқасында қажетті жұмысты атқаруға болады», - дейді «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының президенті Ерғазы Нұрғалиев.
Оның айтуынша, компанияда құрастырылған ұшқышсыз аппараттарды орман шаруашылығында, мұнай мен газ өндірісінде, энергетикада, ауыл шаруашылығы жерлерін бақылауда, қоршаған ортаны қорғауда, төтенше жағдайлардың алдын алуда және тағы басқа көптеген салаларда қолдануға болады. Мәселен, қандай да бір апат кезінде ұшқышсыз аппарат инфрақызыл камераның арқасында зардап шеккен адамды автоматты түрде өзі тауып, сигнал беріп отырады.
Бүгінде бір октокоптер 50 мың долларға бағаланып отыр. Алайда компания басшылығы ол аппараттарды сатпай, тапсырыстарды алып, қызмет көрсетуден пайда табуды көздеп отыр.