Қазақстанда вокзалдар мен пойыздардың мүшкіл күйі шешімін табатын болды

АСТАНА. 8 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстанда вокзалдар мен пойыздардың қызметін жетілдіру бойынша жаңа стандарттар жасалуда.
None
None

Бүгін ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде жолаушылар пойызы мен вокзалдарда жолаушыларға қызмет көрсетудің аталмыш мемлекеттік стандарттарының жобасы талқыланды.   

«Теміржолда жолаушыларды тасымалдау саласында стандарттарды қайта жасамақпыз. Оның басты себебі - қызметті қазіргі өмірге сай жаңа талаптарға келтіру. Вокзалдарда интернет WI-FI, қонақүйлер болуы қажет, ішкі және сыртқы келбеті, перрондары жаңа талаптарға жауап беруі тиіс», - дейді Көлік және қатынас жолдары комитеті төрағасының орынбасары Еркін Мейірбеков.

Стандарт бойынша қызмет көрсету сапасы да түпкілікті өзгерістерге ұшырайды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да барлық жағдайлар жасалады.

Оның айтуынша, аталмыш стандарттар биылдан бастап жасала бастайды. Ал енгізілуі екі жылдан кейін болады деп жоспарлануда.

«Биылдың өзінде еліміздегі 36 вокзал жөндеуден өткізілмек. Келесі жылы тағы 80 вокзалды күрделі жөндеуден өткізуге инвестиция бөлінген», - деп атап өтті ол.

Жаңа стандарттар жолаушылар вагондарына да қатысты болмақ. Жылдамдығы жоғары вагондар мүгедектерге арналған пантустармен, тоңазытқыштармен, ауа баптағыштармен, қысқа толқынды пештермен және электронды табломен жабдықталады. Ақылы түрде көрсетілетін қызметтердің қатарына құнды заттарды сейфтерде сақтау, әдебиетпен қамтамасыз ету, шәй өнімдерін ұсыну және багаждық вагондардың қызметтері кіреді. ҚР Көлік және коммуникация министрінің бұйрығымен жолаушылар тасымалын жақсарту мақсатында алдағы уақыттарда осындай 190-ға тарта жаңа жолаушылар вагонын сатып алу жоспарда бар. Жайлы да сапалы вагондар паркі жыл сайын толықтырылып отырады.

«Бұл жұмыстарға «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясынан қаражат бөлініп, бекітіліп қойған. Олар билет құнына, басқа да төлемдерге әсер етпейді», - деп түйіндеді сөзін Е.Мейірбеков.

Соңғы жаңалықтар