Қазақстанда заңсыз айналымнан 1 мыңнан астам қару тәркіленді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде «Қару» жедел профилактикалық шарасы аясында заңсыз айналымнан 1 113 қару және 8 мыңнан астам патрон тәркіленді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Биыл ақпан айынан бастап ел аумағында «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Мақсат - қаруды қолдану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу. Полиция органдарында 235 мыңға жуық азаматтық қару иелері мен 2 мыңнан астам қызметтік қару субъектілері есепте тұр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз айналымнан 1 113 бірлік атыс қаруы, сондай-ақ ойық қарудың 8 мыңнан астам патрондары тәркіленді», - деді Шұғыла Тұрлыбек министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.

Жедел алдын алу шарасы аясында полиция қызметкерлері 2,5 мыңға жуық заңды тұлғаны, 92 қару-жарақ сататын дүкен мен 76 мыңнан астам шаруа қожалықты тексерді.

«Сонымен қатар 224 мыңнан астам азаматтық қару иелері тұрғылықты жері бойынша тексерілді. Нәтижесінде 5 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Қаруды заңсыз сақтағаны және алып жүргені үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін 379 материал тіркеліп, 579 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - дейді ол.

Сондай-ақ, министлік өкілі қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктің барын еске салды.

«Заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар, егер олардың әрекеттерінде өзге қылмыстар болмаса, жауапкершіліктен босатылады. Осыған байланысты ішкі істер министрлігі азаматтарды заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және арнайы құралдарды өз еркімен тапсыруға шақырады», - дейді өкіл.


Соңғы жаңалықтар