Қазақстанда зейнетақы көлемі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, базалық зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай белгіленеді - Ж.Төлегенова

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда базалық зейнетақының көлемі азаматтың зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай тағайындалуы - әлеуметтік әділдікті қалпына келтіреді. Бұл туралы Алматы Менеджмент Университетінде өткен Workshop - оқыту семинары барысында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарушы директоры Жанар Төлегенова мәлімдеді.

«Қазақстанда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, базалық зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай және зейнеткерлік жасқа жеткен соң ғана (58-63/63) белгіленеді. Егер азаматтың зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 және одан аз жыл болатын болса, базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызын құрайды. Ал 10 жылдан жоғары әрбір жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға жоғарылап отырады, ал егер еңбек өтілі 35 және одан да көп жылды құрайтын болса, онда базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең болады», - деді Ж. Төлегенова.

Сонымен қатар, ол базалық зейнетақыны тағайындау барысында 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі және одан кейінгі кезеңдегі бүкіл еңбек өтілі ескерілетіндігін баса айтты. Бұл жерде еңбек өтілі зейнетақы жарнасын төлеумен расталуы тиіс.

«Қолға алынып жатқан бұл өзгерістер бір жағынан еңбек өтілі жоғары болса да, табысы туралы мәліметі болмағандықтан, мардымсыз зейнетақы алатын азаматтарға қатысты әлеуметтік әділдікті қалпына келтіреді. Екінші жағынан өскелең ұрпақты еңбек қатынастарын рәсімдеуге ынталандыра түседі», - Ж. Төлегенова.

Айта кетелік, зейнетақы жүйесін талқылауға Алматы Менеджмент Университетінің профессорлары, қаржы секторының өкілдері, «Caspi bank» АҚ тәуекелдер департаментінің директоры Балтабай Исмаилов, «Pride Investments» компаниясының бас директоры Әлібек Алияров, басқа да мамандар және студенттер қатысты.

Соңғы жаңалықтар
telegram