Қазақстанда жаңа экспорттық-кредиттік агенттік құрылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Қайрат Төребаев Мәжілісте жаңадан құрылатын экспорттық-кредиттік агенттік қалай жұмыс істейтінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Бүгін Мәжіліс депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) экспортын ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Президент Қазақстан халқына Жолдауында экспортты ігерілету үшін KazakhExport базасында барлық қажетті құралдар шоғырланған толыққанды экспортты дамыту институтын құруды тапсырған еді.

Бүгінгі заң жобасы сақтандыруға және қайта сақтандыруға арналған лицензиясыз әрекет ететін, шикізаттық емес экспортты қаржылық қолдау және дамытудың негізгі шараларын біріктіруге мүмкіндік беретін экспорттық-кредиттік агенттіктің арнайы құқықтық мәртебесін құруға бағытталған. Заң жобалау қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссия жоба тұжырымдамасын мақұлдады. Ресей, Мажарстан, Аустралия және Үндістандағы экспорттық-кредиттік агенттік тәжірибесіне талдау жүргізілді, ол ЭКА экспорттық операцияларды сақтандыруды, қайта сақтандыруды, кепілдендіруді және қаржыландыруды жүзеге асыратынын көрсетті

, - деді Қайрат Төребаев.

Оның айтуынша, ЭКА құру барысында аналогті үлгіде сақтандыру, қайта сақтандыру, кепілдік беру, уағдаласқан салымдар, субсидиялау, яғни өзге компаниялардың функцияларымен қайталанбайтын функцияларды қарастыру ұсынылады.

Сонымен бірге, министрлік өкілі экспорттық-кредиттік агенттік жұмысынан қандай нәтиже күтілетінін айтты.

Біріншіден, 2025 жылға орай 41 млрд АҚШ долларына дейін шикізаттық емес тауарлар экспорты көлемінің өсуі туралы «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы индикаторына қол жеткізіледі.

Екіншіден, экспорттаушыларды қолдауда маңызды функцияларды иеленетін экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының дамыған елдері тәжірибесі бойынша Қазақстанда алғаш рет заманауи экспорттық-кредиттік агенттік құрылады. Үшіншіден, операциялық қызметке араласпастан, Үкіметке және мүдделі мемлекеттік органдарға ЭКА есеп беру және бақылауында болу механизмдері құрылады.

Атап айтқанда, заң жобасы арқылы «Сауда қызметін реттеу туралы» заңда ЭКА құқықтық мәртебесін көздеу ұсынылады, яғни шикізаттық емес экспортты дамыту мен ілгерілетуде ұлттық институт мәртебесін иеленетін, ҚР Үкіметінің шешімі бойынша айқындалатын заңды тұлға ұғымы түсіндіріледі

, - деді Қайрат Төребаев.

Сонымен бірге, депутаттар «Жаңа экспорттық-кредиттік агенттік құрылған соң, елдегі басқа экспорттық компаниялар нарықтан шығып кетпей ме?» деген сұрақ қойды.

Негізі Қазақстанда әртүрлі 29 сақтандыру компаниясы бар. Дегенмен, экспорттауға және экспорттық компанияларға «Қазақэкспорттан» басқа ешкім қызмет көрсетпейді. 20 жыл бойы басқа компанияларға нарық ашық болғанымен, мұнымен ешкім айналыспады. Сондықтан, бұл тәуекелі жоғары, пайдасы аз сала болып саналады. Басқа компанияларға еш шектеу енгізбейміз, нарықтық жүйеге ашықпыз

, - деп жауап берді Қ. Төребаев.

Қосымша баяндамашы, Мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаевтың айтуынша, бұл заңды қабылдау экспорттық-кредиттік агенттіктің арнайы құқықтық мәртебеге ие болуына мүмкіндік береді. Қазақстандық экспорттаушыларды мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттырады, экспортқа бағдарланған өндірістерді ұлғайту есебінен жаңа жұмыс орындарын құрады, экспортқа бағдарланған өндірістер аударатын салықтарды көбейту есебінен бюджет қаражатын өсіреді және экспорттық себетті үлкейтеді.

Заң жобасы 10 заңнамалық актіге, соның ішінде кодекске және 8 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

Жұмыс тобы заң жобасын екінші оқылымға дайындау үшін жұмысын жалғастырады.


Соңғы жаңалықтар