Қазақстанда жаңа көбелек түрі анықталып, оған Манаш Қозыбаевтың есімі берілді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Көбелектің ғылымға бұрын белгісіз болған жаңа түрі Шығыс Қазақстандағы Арқалы тауларынан табылған.

Қазақстанда жаңа көбелек түрі анықталып, оған Манаш Қозыбаевтың есімі берілді
Фото: Kozybayev University

Жәндікке қазақстандық тарихшы, академик Манаш Қозыбаевтың есімі берілді. Осылайша, ғалымның аты халықаралық зоологиялық номенклатурада мәңгілікке сақталмақ.

Бұл жаңалық академиктің туғанына 95 жыл толуына орай Қозыбаев университетінде өтіп жатқан салтанатты кездесуде жарияланды. Ғалымның мерейтойы 16 қарашада аталып өтеді.

Kozybayev University баспасөз қызметінің мәліметінше, көбелектің жаңа түрі Scythobrya kozybayevi деп аталды. Оның ғылыми сипаттамасы 12 қарашада халықаралық Entomological Studies журналында жарияланған. Жаңа түрді Қазақстан мен Ұлыбритания энтомологтары бірлесіп зерттеген. Ғылыми жұмыстың авторлары – Сергей Титов пен Антон Волынкин.

көбелек
Фото: Kozybayev University

Зерттеушілердің мәліметінше, бунақденелі түн көбелектері тұқымдасына жататын Noctuidae тобының Bryophilinae тармағына кіреді.

- Көбелектің жаңа түріне Манаш Қозыбаевтың есімін беру арқылы оның ғылымға сіңірген еңбегіне құрмет көрсетуді мақсат еттік. Ол ғылыми объективтілік пен тарихи шындық қағидаттарын үнемі берік ұстанды. Ғалымның еңбектері еліміздің зияткерлік мұрасының ажырамас бөлігіне айналып, бүгінгі және келешек зерттеушілер үшін бағыт-бағдар болып келеді, - дейді ғалымдар.

Бұл жаңалық Қозыбаев университеті үшін де айрықша мәнге ие. Солтүстік Қазақстан университетіне 2003 жылы академиктің есімі берілген. Содан бері оқу орны ғалымның ғылыми мұрасын дәріптеп, оның ғылым мен білімге қызмет ету дәстүрін жалғастырып келеді.

Бұған дейін Астанада Зуқа батырдың 160 жылдығына арналған халықаралық ғылыми семинар өтетінін жазған едік.