Қазақстанда жаңа оқу жылы қарсаңында пәтер жалдау бағасы қалай өзгерді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Жаздың соңы – Қазақстандағы тұрғын үйді жалға беру нарығының жандана түсетін кезеңі: өңірлерден келген студенттер жаппай ірі қалаларға қоныс аударады, ал жалға берушілер бағаны көтереді. Kazinform тілшісі оқу жылы қарсаңындағы жалдау құнының қалай өзгергенін зерттеп көрді.

Маусымдық фактор және бағаның күрт өсуі
Сарапшылардың айтуынша, жалға беру нарығы ел ішіндегі оқиғаларға сатып алу-сату нарығына қарағанда әлдеқайда сезімтал әрі тез жауап қайтарады. Мәселен, жуырда Астана мен Алматыда өткен Дженнифер Лопестің концерттері кезінде іс-шара өтетін орындарға жақын аудандардағы тәуліктік жалдау құны 50-60 мың теңгеге дейін көтерілген. Осындай жағдай маусым айында
Алматыда өткен Thirty Seconds to Mars тобының концерті кезінде де болған.
– Дәл осылай нарық оқу жылы басталар алдындағы сұраныстың өсуіне де әсер етеді, -дейді Colliers Kazakhstan компаниясының маркетинг бөлімінің жетекшісі Игорь Курносов. – Тамыз-қыркүйек айларында Алматы, Астана мен Шымкентке өңірлерден ондаған мың студент келеді, олардың көпшілігі жатақхана орнына пәтер жалдауды жөн көреді. Жалдауға сұраныстың күрт артуын интернеттегі іздеу нәтижелерінен де байқауға болады. Жыл сайын тамызда «пәтер жалдау», «үй жалға алу» сияқты сөздерді адамдар әлдеқайда жиі іздей бастайды. Сондықтан жаздың соңында пәтер жалдау бағасының көтерілуі – жыл сайын қайталанатын құбылыс.
Баға қаншалық өсті
2025 жылғы наурызбен салыстырғанда пәтер жалдау едәуір қымбаттады: • Алматыда: бір бөлмелі пәтерлер – 20-21%, екі бөлмелі – 13-14% өсті; • Шымкентте: тиісінше 23-24% және 15-16% қымбаттады; • Астанада: бір және екі бөлмелі пәтерлердің жалдау ақысы 30%-дан астам өсті.
Курносовтың айтуынша, тамызда баға жыл сайын өседі және кем дегенде бірнеше пайыздық өсім 2024, 2023, 2022 және 2021 жылдары да байқалған.
Сонымен бірге пәтер жалдау бойынша танымал онлайн-платформаларда 60 мың теңгеден басталатын түрлі нұсқаны табуға болады. Баға ауданына, көлеміне және пәтердің жағдайына байланысты өзгеріп отырады. Алайда сарапшы жалға алушыларға ескерту жасады: көп хабарландыру ескірген болуы мүмкін немесе оны алаяқтар жариялауы мүмкін. Сол себепті келісім жасамас бұрын ақпаратты мұқият тексеру қажет.
Ұзақмерзімді үрдістер
2022-2023 жылдардағы Ресей азаматтары елге жаппай келе бастаған кезде баға күрт өскен еді, қазір одан бері жалдау нарығы біршама тұрақталды. Ол кезде сұраныс соншалық жоғары болғандықтан, Алматы мен Астанада қарапайым пәтерлердің өзі айына 500-600 мың теңге сұрады. Қазір мұндай баға сирек кездеседі: келушілердің бір бөлігі елден кетіп қалды, ал жергілікті тұрғындар мұндай қымбатшылыққа дайын емес.
– Шілде айында Қазақстанда жайлы пәтерді жалға алудың орташа құны шаршы метріне 4 544 теңге болды. Бұл былтырғыдан 8% жоғары, жалпы алғанда инфляция деңгейіне сәйкес келеді.
Кейінгі бір-екі жылда нарық тұрақтала түсті деуге болады. Дегенмен жалдау бағасы әлі де халық үшін тым қымбат: орташа жалақымен салыстырғанда пәтер жалдау құны Қазақстан өңірлерінде шамамен 35-55% аралығында, - деді Курносов.
Еске салайық, бұған дейін елде тұрғын үй құны қаншалықты өскенін жазған едік.