Қазақстанда жаңа психоактивті заттардың айналымына мемлекеттік бақылауды күшейтетін заң қабылданады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жаңа психоактивті заттардың айналымына мемлекеттік бақылауды күшейтетін заң қабылданады. Бұл туралы бүгін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің есірткі айналымына қарсы күрес жөніндегі өкілеттілік берілген құзіретті органдары басшыларының кезекті кеңесінде ҚР Ішкі істер министрлігі Есірткі бизнесімен күрес департаментінің бастығы Сұлтан Күсетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда жаңа психоактивті заттардың айналымына мемлекеттік бақылауды күшейтетін заң қабылданады

Департамент басшысының айтуынша, елімізді есірткі айналымының жолын кесуге бағытталған шаралардың арқасында героин тапшылығы орын алып, оның қымбаттауына әкелді. Мәселен, осыдан 5 жыл бұрын героиннің 1 келісі 6 мың доллар болса, бүгінде 20 мың долларға жетіп отыр.

«2016 жылы Қазақстанда 3,5 мыңнан астам есірткі қылмысы тіркеліп, 36 тонна 600 келі есірткі тәркіленді. Оның 196 келісі - героин.  Есірткі контрабандасының 260 фактісі анықталды, есірткі сатудың шамамен 2,5 мың фактісінің жолы кесілді», - деді ол.

Күсетовтің дерегінше, 11 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленіп, есірткі  сатудан түскен ақша қаражатын заңдастыру фактісі бойынша 6 қылмыстық іс қозғалды. Бұған қоса, шамамен 10 мың доллардың мүлкі бұғатталды.

«Қазіргі уақытта Қазақстан үшін жаңа психоактивті заттардың пайда болуы және таралуы өзекті бола түсуде. Осыған байланысты біз олардың айналымына мемлекеттік бақылауды жетілдіру бойынша заң жобасын әзірледік. Қазіргі уақытта құжат қол қою процедурасында және ағымдағы жылдың қыркүйегінде қабылданатын болады», - деді департамент басшысы.