Қазақстанда жаңа ұялы байланыс операторы қашан іске қосылады

«Біріншіден, реттеуші әрі жауапты министрлік ретінде нарықта дұрыс бәсекелестіктің болуына ерекше мән беріп отырмыз. Бұл салаға қатысты Үкіметтің нақты тапсырмасы бар, яғни «Қазақтелеком» құрамындағы екі ұялы байланыс операторының біреуін шығару ескерілген. Қазір осы тұрғыда инвесторлармен келіссөздер жалғасып жатыр», - деді Е. Мейрамов.
Сонымен қатар, ол жыл аяғына дейін 5G жиілігін сатуға арналған аукцион өткізу жоспарланғанын айтты.
«Егер осы аукционда басқа инвестор жеңімпаз атанса, онда жаңа оператордың пайда болу мүмкіндігі бар», - деді комитет басшысы.
Сонымен қатар, баспасөз мәслихатында тілшілер 5G базалық станцияларын орнатуға қатысты сұрақ қойды.
«Лицензиялық міндеттеме аясында бес жылда 3 мыңнан астам базалық станция орнатылады. Биыл еліміздің үш қаласында 5G желісін құрамыз. Қазір Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қаласында, сондай-ақ басқа да бірқатар шаһарда 200-ден астам базалық станция қойылды», - деді сұраққа орай «Kcell» АҚ басқарма төрағасы Асхат Өзбеков.
Айта кетейік, былтыр Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Қазақтелеком» құрамынан бір ұялы байланыс операторы шығарылатынын мәлім етті.
Бұдан бұрын хабарланғандай, былтыр желтоқсанның аяғында 5G жиілігіне арналған аукцион жеңімпаздары анықталды.
Осыған дейін елімізде тұңғыш рет 5G үшін ашық аукцион өтіп жатқанын жазған едік.
Жалпы, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының еншілес компаниялары 2027 жылға дейін еліміз бойынша 7 мыңнан астам базалық станция салуы тиіс.