Қазақстанда жанармай арзандауы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында осындай мәлімдеме жасады. Ол 2015 жылдың соңына қарай АИ-92 маркалы жанармайдың құны арзандауы мүмкін деген болжам айтты. «Жанармай құнының арзандауын жоққа шығармаймын. Егер де біздің нарығымызға мол мұнай өнімдері әкелінсе, біз оны қымбатқа сатып алмаймыз. Ондай жағдайда жанармай сатушылар бағаны түсіретіні сөзсіз. Менің ойымша, қараша-желтоқсан айларында нарық тұрақталады. Сол кезде бағаны арзандату жағын да ойластырамыз»,- деп түсіндірді Ұ. Қарабалин тілшілердің сауалына берген жауабында.
None
None

Оның айтуынша, Қазақстандағы жанар-жағар май бағасы негізінен, ресейлік импортқа тәуелді. «Жанармай бағасын еркіне жібердік. Бірақ бұл уақытша қиыншылық. Менің ойымша, жанар-жағармай бағасы алдағы бір айдың ішінде тұрақталады. Одан әріде тұрақты қалпында болады. Бұл жердегі негізгі мәселе, Ресейдегі жанармай қандай бағамен сатылатынына байланысты. Себебі біздің негізгі жанармай жеткізушіміз - Ресей. Еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары өз нарығымызды толық қамтамасыз етпей, Ресей нарығындағы бағаға тәуелді боламыз»,- деді энергетика министрінің бірінші орынбасары. Сондай-ақ, Ұзақбай Қарабалин бағаның тұрақтануы үшін уақыт қажет екендігін түсіндірді. Оның пікірінше, қараша-желтоқсан айларында нарықтағы шынайы бағаларды көреміз. Сол себептен, бағаға қатысты бал ашудың қажеті жоқ. Өйткені, мұнай өнімдерінің бағасы: мұнайдың құнына, теңге мен рубльдің бағамына, теміржол тарифтеріне және т.б. шығындарға байланысты өзгере береді.

Ұзақбай Қарабалин Қазақстанның ішкі нарығында жанар-жағар май тапшылығы болмайтынына екпін түсірді. Мәселен, биылғы жылдың қыркүйек айында ішкі нарығымызға 110 мың тонна жанар-жағармай жеткізіледі. Соның ішінде, бүгінге дейін тасымалданғаны - 22 мың тонна. «Сатып алушылар келісім жасады. Бүгінге дейін 22 мың тонна жанармай ел аумағына әкелінді. Тағы 11 тоннасы жолда келе жатыр, оған қоса 80 мың тоннаға алдын-ала келісім жасалды. Біздің ойымызша, қосымша 30 мың тоннаға тағы келісім жасаймыз. Осылайша, қыркүйек айында ішкі нарыққа барлығы 110 мың тонна жанар-жағар май жеткіземіз. Мұндай көлемдегі жанар-жағар май ел экономикасы мен халықты үзіліссіз мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуге толық жетеді»,- деп атап айтты министрлік өкілі.

Сонымен қатар, Ұ. Қарабалин әлемдік нарықта мұнай бағасының төмендеуінің жанар-жағар май бағасына қалай әсер еткенін түсіндіріп берді. «Логикалық тұрғыдан алсақ, егер мұнайдың бағасы арзандаса, одан алынатын мұнай өнімдерінің де бағасы төмендеуі керек. Бірақ бұл жердегі жағдай басқаша. Біз мұнай өнімдерінің өзімізге қажетті бөлігінің үштен бірін Ресейден сатып аламыз. Қазақстанға әкеліп, осы жанармайды сататын біздің трейдерлер өнімді пистолеттен емес, жеке құрылымдармен жасаған келісім-шарт бойынша зауыттардан сатып алады. Мұндай жағдайда бағаны нарыққа сәйкес, жанармай сатушылар белгілейді»,- деді ол. Энергетика министрінің бірінші орынбасары жанар-жағар майдың бұрынғы бағасы ( әр литрі 108 теңге) ешкімге де пайда әкелмейтінін, ал бүгінгі баға сатушылардың шығындарына сәйкес келетінін қадап айтты. «Біз қазір бензин бағасы 124 пен 130 теңгенің арасында өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Бірақ көптеген жанар-жағар май құю стансаларында АИ-92 маркалы жанармайдың әр литрі 125 теңгеден сатылуда. Демек бағаның нақты және тұрақты болуын монополияға қарсы комитет және басқа да бақылаушы ұйымдар қадағалап отыр»,- деп түйіндеді сөзін Ұ. Қарабалин.

Айта кетелік, Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті еліміздегі ірі жанар-жағар май құю стансалары желілерінің қожайындарына АИ-92/95 маркалы бензинге баға белгілеу құрылымы және АИ-95 маркалы бензинге бағаның өсу себептері туралы нұсқаулар жіберген болатын. Қазіргі таңда жанар-жағар май құю стансаларының көпшілігінде АИ-92 маркалы жанармайдың бір литрі 125 теңгеден сатылуда. Ал АИ-95 маркалы жанармайдың бағасы 13-19 теңгеге дейін арзандады. Мәселен, жанармайдың осы маркасының әр литрі Алматыдағы жанар-жағар май құю стансаларында 135-139 теңгеден сатылып жатыр. Демек мұндай қолжетімділік Қазақстан Үкіметінің жанар-жағар май бағасын еркіне жіберу туралы шешімінің дұрыстығын көрсетуде.

Әмірлан Әлімжан

Соңғы жаңалықтар