Қазақстанда жартылай дайын өнімдер бағасы қанша теңге
АСТАНА. KAZINFORM — Kazinform агенттігінің тілшісі еліміздің қалаларындағы тұшпара, манты мен котлет бағасын салыстырды.

Өмірдің қарбаласқа толы ағымына ілесіп, жұмыстан үйге оралғанда тамақ пісіру кейде қиынға соғады. Жұмыс, балалармен бірге үй тапсырмасын орындау, кір және ыдыс аяқ жуу, кейде достармен кездесіп, киноға бару, түрлі басқосулардың бәрі біздің күнделікті тірлігіміз. Дәл осы кезде жартылай дайын өнімдерді тұтыну уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. Мұздатылған тағамды алып, қазан немесе пеш ішіне салып, 20-25 минутта үстел басыну жиналу да қазір қалыпты жағдайға айналды. Мұндайда бәрі тоқ, көңіл де жайлы.
Қазір тұшпара, манты және котлет жоғары сұранысқа ие. Біз Қазақстанның барлық қаласындағы бағаны салыстырдық. Оған сапа мен өндіруші әсер етеді. Әдетте жергілікті тауар өндірушілерде баға төмен болады. Соған қарамастан үйде жасалған тұшпара мен манты құны цехта дайындалған өнімге қараған жоғары.
Еліміз бойынша жартылай дайын өнімдер, соның ішінде манты Петропавл қаласында төмен. Себебі мұнда Қазақстанға белгілі бірнеше тауар өндіруші жұмыс істейді. Петропавлда мантының келісі 1800 теңге. Ал Қостанайда баға сәл жоғары. Мұнда келісі 2400 теңгеден басталады. Оралда 2600, Семей, Өскемен мен Көкшетауда баға 2700 теңге және одан жоғары. Павлодар, Алматы мен Қызылордада дайын мантының келісі шамамен 3 мың теңге болып тұр. Ал Шымкент, Түркістан, Тараз бен Ақтөбеде баға 3500 теңгеден жоғары. Қарағандыда келісі 4000, Жезқазғанда 4500, Астанада 4600 теңге және одан да қымбат.

Қазақстандықтар тұшпараны да жиі дайындайды. Ең арзаны Орал қаласында сатылады. Мұнда келісі 1176 теңге. Ал Жезқазғанда 1500, Көкшетауда 1600, Петропавлда 1800 және Таразда 1842 теңге. Қостанай, Павлодар мен Шымкентте тұшпараның келісі 1900 теңгеге сатылып жатыр. Алматы, Түркістан, Семей мен Өскеменде баға 2600-2800 теңге аралығында. Қазір Қызылордада тұшпараның келісі 3300, Ақтөбеде 3500 және Астанада 3600 теңге болып тұр. Еліміз бойынша ең жоғары баға Қарағандыда. Мұнда тұрпараның келісі - 4000 теңге.
Тартылған еттен дайындалған котлет Петропавлда арзан. Келісі – 1500 теңге. Қостанайда 2000 және Көкшетауда 2700 теңге. Ал Семей, Өскемен, Түркістан, Шымкент, Павлодар, Тараз бен Алматыда баға 3 мың теңге және одан жоғары. Қызылордада котлеттің келісі 3400 теңге, Оралда 3700 теңге. Ал Ақтөбе мен Қарағандыда жартылай дайын өнімнің бұл түрі 4000 теңге болса, Астанада 4200 теңге. Ең қымбаты Жазқазғанда. Мұнда келісі 5000 теңге және одан жоғары.
Бұған дейін еліміздегі қаражидек пен қарақат бағасы жазылды.